Маңғыстау теміржолында өткен жылдың 15 желтоқсаны мен ағымдағы жылдың 15 сәуірі аралығында жалғасқан «Бүйірлік рамаларға бақылау» айлығы аяқталып, қорытындысы шығарылды. Еске сала кетсек, науқанның өткізілу себебі соңғы уақыттары пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне үлкен қауіп тудырып отырған және жиі кездесіп жатқан ақаулар бүйірлік рамалардың сынуы болатын.Бұрын да жазғанымыздай, айлық аясында Маңғыстау вагон пайдалану депосы бойынша бүйірлік рамаларға және вагонның басқа да маңызды құрылымдарына қатысты ақаулар аз анықталған жоқ. Кез келген жарық, сынық мұқият тексеріліп, қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кінәраттар есепке алынды. Тарқатып айтсақ, төрт айдың ішінде бүйірлік рамадан – 4, букс торабының жылжуымен байланысты – 9, сондай-ақ КВЗ-И2 арбашығынан 1 ақау анықталды.– Букс торабындағы соңғы ақау 2 сәуір күні Маңғыстау станциясында №24496770 вагонының №70845 жұп доңғалағынан, бүйірлік рамасындағы 12 ақпанда Маңғыстау станциясында пойызды техникалық тексеру кезінде №95088803 вагонынан кездескен еді. Олардың барлығы уақытылы ағымдағы ағыту тұйығына жеткізіліп, ағытылды және толық жөнделіп шықты. Сондай-ақ сол ақауларды тапқан 12 вагон қараушы «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-на марапаттауға ұсынылды, – дейді депо басшысы Сәрсенбай Есенқұлов. Оның сөзіне сүйенсек, жұмыс нәтижесін жақсарту мақсатында депода 10 күн сайын «Қауіпсіздік күні» өткізіліп тұрады екен. Сонымен қатар күнделікті жұмыс әрбір ауысым алдында пысықталып, жұмысшылармен техникалық қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша нұсқаулықтар жүргізіледі.