Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Машина құрастырушылар одағына мүше болды
Оқуға 2 мин
Ақтөбе рельсқарқалық зауыты Қазақстан машина құрастырушылар одағына мүше болды. Бұл туралы аталған одақ басқармасының төрағасы, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаевтың өңірге сапары кезінде белгілі болды.
Жергілікті кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде елдегі машина құрастыру және металл ұқсату барысы талқыланды. Шараға облыста жұмыс істеп жатқан 20 компания қатысып, кәсіпорын өкілдері өз мәселелерін ортаға салды. Билік тарапынан қолдау керектігін жеткізді. Аймақтағы кәсіпорындарға жазбаша түрде одақтың атына хат жазу ұсынылды. Өйткені, қордаланған мәселелерді шешуге олардың өздері мүдделі болуы керек.
«Шараның мақсаты Елбасының "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" тақырыбындағы Жолдауына негізделген. Барлығыңызды белсенді араласуға шақырамын. Отандық машина құрастырудың одан әрі дамуы үшін тәжірибелік ұсыныстар жасау мүмкіндіктері мол», – деді Мейрам Пішембаев.
Кездесуде кәсіпкерлер машина жасау секторын қаржыландыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құралдары саласындағы проблемалық мәселелер, кәсіпкерлік субъектілерінің қарамағындағы қорғаныш құрылыстарын қамтамасыз етудің қиындықтары туралы пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік мәселелер де айтылды. Мәжіліс депутаты аталған мәселелерді Мәжіліс қарауына және ҚР Премьер-министріне жолдайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы машина жасау саласындағы кәсіпкерлердің жұмысында кездесетін мәселелерді жинақтап, Қазақстанның Машина жасаушылар одағына жолдайтын болады. Бұл сұрақтар осы жылдың қыркүйек айында өткізілетін Машина жасаушылардың IV форумында талқыланбақ.
Айта кетейік, Ақтөберельсарқалық зауыты – бұл Қазақстандағы дифференциалды беріктелген жоғары сапалы рельстер және орта пішінді илек шығаратын бірегей кәсіпорын.
Зауыт ұзындығы 120 метрге дейін жоғары сапалы термоберіктелген рельстер шығарумен ерекшеленеді, бұл рельстер жоғары жылдамдықты қозғалыс желілерінде және жүктелімі аса жоғары желілерде қолданылуға қолайлы.
Ұзын рельстерді және рельстік дәнекерлеу сабақтарын қолдану нәтижесінде пойыздар қозғалысының кедергісі төмендейді, қозғалмалы құрамның тозуы азаяды және жол күтіміне шығындар төмендейді. Осы ретте жалғамалар жоқ жолға көшкен жағдайдағы пойыздар қозғалысының кедергісі 5-7% азаяды, жалғама жіктерінің болмауы есебінен бір шақырым жолдан төрт тоннадай металл үнемделеді. Өнім халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.