Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Спорттық шаралар жандануда
Оқуға 1 мин
Көктем шыққалы Ақтөбеде спорттық шаралар жандана бастады. Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты барлық құрылым өкілдері атсалысып жатқан шаралар жол бойындағы станцияларда да ұйымдастырылып жатыр.
Жүк тасымалы бөлімшесінің спорт жөніндегі нұсқаушысы Нұргүл Батырханның айтуынша, алдымен Ақтөбе станциясында волейболдан жарыс өтіп, онда Ақтөбе белгі беру және байланыс дистанциясы топ жарған. Жүк тасымалы бөлімшесі екінші орынға жайғасса, әскерилендірілген теміржол күзеті үшінші орынды иеленіпті.
Спорттың бірнеше түрі бойынша спартакиада ойындары Шалқар станциясында да өткен. Командалық есепте Қамқор компаниясына қарасты локомотив жөндеу депосы бірінші орынды иеленсе, вагон жөндеушілер екінші орынды қанағат етіп, үшінші орынды әскерилендірілген күзет қызметі місе тұтыпты. Келесі ойын Қандыағашта өтіп, онда да спорттың бірнеше түрінен теміржолшылар бақ сынады. Жалпы командалық есепте жол дистанциясының жұмысшылары топ жарды. Екінші орынды «транстелекомдықтар» иемденген.
«Бұл шаралардың барлығы Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Аймақ теміржолшылары ерекше белсенділік танытуда», – дейді Нұргүл Батырхан.