12 мамыр – қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы, сонау патшалық ресей кезінде Петербордағы теміржол институтын бітірген қазақ инженері, Мұхамеджан Тынышпаевтың туған күні.  Осыған орай бұл күні алаш қайраткерінің ұрпақтары мен теміржолшылар, М.Тынышпаев атындағы оқу орнының ұстаздары мен студенттері оның ескерткішіне гүл қойып, рухына тағзым етті. Алаш қайраткері, тарихшы-ғалым, инженер, теміржол саласының тұңғыш кәсіби маманы Мұхамеджан Тынышпаевтың  мұрагерлері – ұлы Дәулет Шейх-Али мен немересі Асқар және жиені Нұршакен Жүнісқызы ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қойып, даңқты аталарын еске алып, естелік суретке түсті. Осыдан кейін ұлы тұлғаның рухына арналып құран оқылды. Ұлы тұлғаның атын иемденген көлік академиясында Мұхамеджан Тынышпаевтың мұражайы бар, онда алаш ардақтысының көзі тірісінде қолданған заттары сақтаулы. Академия кітапханасында Мұхамеджан Тынышпаевқа арналған кітаптар мен оқулықтар бөлімі бар. Ол жерде Алаш қайраткері жайлы шыққан ғылыми еңбектер мен көркем әдебиеттер қоры сақталған.   Көлік академиясының басшысы Б.Қуанышев биылғы жылы 139 жасқа толған алаш қайраткерінің келесі жылы 140 жылдығы кеңінен атап өтілуі жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жібек Медетқызы