Ақтөбе теміржол вокзалында кезекті оқу-жаттығу шаралары өтті. Сценарий бойынша, вокзал ғимаратының үшінші қабатынан от шықты. Вокзалға келген жолаушылар мен қызметкерлерді дер кезінде эвакуациялап, тілсіз жауды сөндіру – өрт жауынгерлерінің күш-қуаты мен шеберліктерін сынға салған емтихан болды. Ақтөбе өртке қарсы жасағының басшысы Әділ Құбаевтың айтуынша, шартты түрде сағат 11.30 шамасында нысаннан өрт шыққаны туралы хабар тарайды. «Ақтөбе өрт сөндіру пойызы дер кезінде оқиға орнына жеткізілді. Пойыздың жеке құрамы су беру құбырларын сақадай-сай дайындап әкелген. Ақтөбе қалалық өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі үш техникасымен келіп жетті. Негізгі мақсат – теміржол вокзалында төтенше жағдай бола қалған жағдайда жолаушылар мен қызметкерлерді қауіпсіз аймаққа көшіру, сонымен бірге өрт сөндірушілердің бірігіп жасаған іс-әрекетін пысықтау, өзара байланысты күшейту», – дейді өртке қарсы жасақ басшысы Әділ Амангелдіұлы. Оқу-жаттығу сабағы жоспарға сай, артық шығынсыз өткен. Ең қиыны  ғимараттың үшінші қабатынан екі адамды автосатымен түсіру болыпты. Екеуі де уақытылы құтқарылып, зардап шекпейді.  Оқу-жаттығу шараларын мемлекеттік емес өртке қарсы жасақ ұйымдастырып отыр. Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жалпы, төтенше жағдайлар департаменті басшылығы тарапынан оқу-жаттығу шараларына жақсы деген баға берілген. Айта кетейік, Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесіне қарасты жасақта бес өрт сөндіру пойызы бар. Биыл өрт сөндіру қызметіне 100 жыл толса, өртке қарсы жасақтың әскерилендірілген теміржол күзеті қызметінен бөлініп шыққанына 20 жыл толған екен. «Өрт сөндірушілердің еңбегі әркез бағалана бермейді. Сондықтан  ұзақ жылдар бойы иық тіресіп бірге еңбек етіп келе жатқан әріптестерім Бақытжан Сүйіншалин, Өмірзақ Үргешбай, Мереке Айдашев, Жаңбырбай Әбдіғазизов, Ержан Аманғалиұлы сынды азаматтарды биылғы мерейлі мерекемен құттықтап, алғыс айтқым келеді», – деп сөзін аяқтады Әділ Құбаев.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе