Бекәли АЛТЫН, Шымкент
Сақтықта қорлық жоқ
Оқуға 1 мин
Састөбе бекетінде жеті мың халық бар. Бір жақсысы, теміржол ауылдың шетінен өтеді. Бірақ, одан арқаны кеңге салып жүрген теміржолшылар жоқ.
Бекет бастығы Ерғали Маймақовтың айтуынша, ай сайын мектептегі 800 оқушыға мал айдап, ойнап жүріп теміржолдың маңынан өтуге болмайтынын ескертіп тұрады, теміржолға жақын жатқан Назарбеков пен Айдарбеков көшесінде үй тұрғындарын да жиі аралайды. Ерғали Жұмабекұлы соңғы 4-5 жыл бойы бұл ауылда теміржолға адам, мал басу дерегі тіркелмегенін айтады. Жолға жақын оншақты үйдің балалары еркін қатынауы үшін вагондарды уақытылы ағытып, арасынан өтуіне жағдай жасайды. Пойыз құрастырушы, күзетші, вагон қараушылар бөгде адамды көзден таса қылған емес.
Жуырда оқу жылының аяқталуына орай станция басшылығы тұрғындарды жиып, жазғы каникулда емін-еркін жүретін балаларға ие болуды, оларды қадағалап отыруды ата-аналарға тағы тапсырып, жалпы қауіп-қатер жөнінде ескертілді.