Салалық жарыс – өндірістік еңбектің тиімділігін арттырушы негізгі құрал болып табылады және теміржолшылардың күнделікті жұмыста сапалы нәтижеге қол жеткізуіне бірден-бір ықпалын тигізеді. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» – «Атырау жүк тасымалы бөлімшесі» үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша техникалық жоспарға сәйкес барлық көрсеткіштерде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, салалық жарыста бірінші орынды иеленді. Яғни, бөлімше пайдаланым жүк айналымы, жүк тиеу көлемі, жүк вагонының өнімділігі, локомотив жүрісі, пойыздың орташа салмағы дегендей басқа да көрсеткіштер бойынша меже үдесінен табылды. Нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. – Бүгінгі таңда бөлімшеде үш мыңға жуық адам қызмет етеді, ұжым қызметкерлерінің тарапынан еңбек және технологиялық тәртіпті бұзу оқиғасы тіркелген емес. Өндірістік жұмысты орындау технологиясы, еңбек қорғау ережесі және қауіпсіздік техникасының талаптары қатаң сақталады. Осы еңбектері бағаланып, бөлімше өндірістік-қаржылық қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін ҚТЖ бойынша салалық жарыстың жеңімпазы атанып, 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 1-ші орынды иеленді», – дейді бөлімшенің бас инженері Бауыржан Картан. Салалық жарыстың жеңімпазы болудың материалдық тұрғыда ынталандыруы да жақсы үрдіс. Яғни, Компанияның Басқарма Төрағасы О.Кулаковтың 15 мамырдағы №163 бұйрығы негізінде Атырау жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты барлық 2664 жұмысшы-қызметкерлер лауазымдарына сәйкес белгілі бір дәрежеде, негізгі жалақысына қоса ақшалай сыйақы алып отырады. Бұл олардың жұмысқа деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз.

Қосұйым Мұқашев, Атырау