Астанадағы Көлік және коммуникация колледжі студенттерінің кітапханасы тағы бір тағылымды туындымен толықты. Білім шаңырағында  ардагер-теміржолшы, Астана станциясы тораптық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәшүр Жабағиннің тарихи-методикалық кітабының таныстырылымы өтті. Мәшүр Шәкірұлының «Путь к вершине профессии от «практики к теории» деп аталатын еңбегі  болашақ теміржолшыларға  методикалық оқу құралы десек болғандай. Ішкі мазмұнын, аты айқындап тұрғандай, кітаптың авторы автобиографиясын мамандығымен шебер ұштастырып, оқулық есебінде жазып шыққан. Буыны  қатпаған балалық шағынан еңбекке ерте араласып, дала сабағынан тәлім алған ол 14 жасында Целиноград қаласындағы темір жол техникумына оқуға түседі. Теориялық білімнен гөрі, күнделікті іс-тәжірибеге көбірек көңіл бөліп, еңбек жолындағы өрлеуін 1966 жылы Ерейментау станциясының кезекшісі болып бастап, 2010 жылы «Жолаушы тасымалы лизингтік вагон компаниясы» АҚ президентінің кеңесшісі қызметімен аяқтаған. Бар мағыналы ғұмырын осы салаға арнаған ақсақал бүгінде Астана станциясының тораптық  ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқаруда. – Әрине, бұл кітабым – отыра қалып бір күнде жаза салған еріккеннің ермегі емес. Бозбалалық кезеңнен қазіргі шашты ақ қырау шалған қарттық шағыма дейінгі еңбек жолымда жүріп өткен тәжірибемді көкейіме түйіп, ойыма саралап, сүзгіден өткізе келе, өз тарапымнан маман ретінде берген бағам. Мен  шойын жолды жата-жастана құшақтап өстім. Олар менің ажырамас бөлшегім, бір бүтінге айналдық, – деген Мәшүр ағамыз кітаптың тұсаукесер рәсіміне шашбауын көтеріп келгендерге  алғысын білдірді. Қонақтар қатарында «ҚТЖ» ҰК» АҚ  инфрақұрылым жөніндегі кадрлар менеджері Светлана Сайлаубаева, «ҚТЖ»  ҰК»  АҚ кадрлар департаментінің бас менеджері Ақмарал Байғабылова, «ҚТЖ»  ҰК»  АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Сәрсекеевтер,  замандастары мен колледж ұстаздары пікір білдірді.  Кітап алдымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ сайтында электрондық нұсқамен жарық көріп, кейін санаулы данамен басылып шыққан.  Кітап темір жол саласындағы жас мамандарға ғана емес, аталмыш саланың тыныс-тіршілігін танып білем деуші оқырман қауымға да арналған.

Ардақ ЗҰЛҚАЖАПҚЫЗЫ