Сабырхан НӘДІРБАЙ, Қызылорда
Таза қала – таза вокзал
Оқуға 2 мин
Қаланың бас қақпасы саналатын Қызылорда вокзалында теміржолшы жастар «Таза қала – таза вокзал» атты экологиялық сенбілік акциясын өткізді. Мақсат – Қызылорда қаласының 200 жылдығы мен Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында қаланың сәулетіне көркі сай болуы, маңайдың экологиялық, санитарлық талаптарға сәйкес абаттануына үлес қосу.
Күн сайын түрлі бағытта мыңдаған жолаушылардың бірі сапарға шығып, бірі сапардан оралып жататын бекетте теміржолшы жастардан құрылған белсенді топ қолдарына күрек, тырма, сыпырғы, қоқыс салатын қапшық сияқты құралдар ұстап сенбілікке шығып, екі сағат ішінде вокзал маңын талап деңгейінде толықтай тазартып шықты. Қоғамның назарын қала көшелерінің тазалығын сақтауға және экологиялық мәдениеттің қалыптасуына үлестерін қосуға шақырған жастарды игі іске үндеген «Жас Отан» жастар қанатының бұл бастамасы көпшілікке үлгі болды.
– Біз таза қаланы қолдаймыз. Біз әрқайсымыз өз бойымызға туған үйімізге, қаламызға деген қамқорлықты сіңіріп, тәрбиелеуіміз қажет. Өз елін сүйетін әрбір адам оның игілігі үшін жұмыс жасап, әркім өз қаласын, жұмыс орнын, көшесін және үйін ретке келтіріп отыруды азаматтық парызым деп түсіну тиіс, – дейді «Теміржол» филиалы «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Сәбит Әбдіреев.
Сенбілік барысында түрлі сауықтыру шараларын жүргізген жастар екі вокзал арасындағы, перронның ашық алаңқайында флешмоб жасап, түрлі символикалық бейнені бейнелеп тазалық шарасының көркін аша түсті. Және де вокзал маңының, жұмыс орнының, қала көшелерінің, өз қаламыздың абаттанып гүлдене түсуі үшін баршаны үлес қосуға шақырып, үндеу жариялады.