Ер есімі – ел есінде
Оқуға 1 мин
Қызылорда ЖТ бөлімшесі орналасқан тарихи ғимарат қабырғасына аймақтағы ең байырғы да атақты Байсағұловтардың әулетінің іргетасын қалаған Кәрбоз Байсағұловқа ескерткіш тақта орнатылды.
«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында теміржол саласы басшылығының бастамасымен Кәрбоз Байсағұловқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Қызылорда бөлімше директоры Аманкелді Арысбаев, Кәрбоз Байсағұловтың ағайын-туыстары мен теміржолшылар қатысты.
– Бүгінгі жиынның жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Кәрбоз ақсақалдың тегін теміржолшылар қауымы өте жақсы біледі. Небәрі 23 жылдық ғұмырында теміржолда паровозға от жағушы болып жұмыс істеп жүріп майданға аттанып, 1943 жылы ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан сарбаздан тараған Байсағұловтар содан бері, міне, әке даңқына дақ түсірмей болат жолда еңбек етіп келеді, – деді Аманкелді Арысбаев өңірдегі ең әйгілі әулет туралы жылы лебізін білдіріп.
Тастан және Бұхарбай Байсағұловтардың мәліметінше, даңқты династияның жалпы еңбек өтілі биыл 850 жылды құрапты.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда