Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылмақ
Оқуға 2 мин
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Нұрлы жол» теміржол вокзалы кешенінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылмақ. «Нұрлы жол» вокзал кешені елорданы дамытудың заманауи инфрақұрылымдық нысаны болып табылады.
Аумағы 126 мың шаршы метр болатын алты қабатты ғимаратта не керектің бәрі бар. Бірінші және екінші қабатта 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Тәулігіне мыңдаған жолаушы келіп-кететін кешенде мамандандырылған ХҚКО филиалының ашылуы өте орынды екені сөзсіз. Орталықтың ашылуымен, әлбетте, қызмет алушылар мен жолаушылар ағыны бұрынғыдан да артатыны анық. Вокзал кешені үшін де қаржылай пайдасы өз алдына.
– Қазір дайындық қарқынды жүруде. Инженерлік және құрылыстық жұмыстар атқарылуда. Қайта жоспарлау бойынша да біраз шаруаның басын қайырдық, – дейді «Нұрлы жол» вокзал кешеніндегі маркетинг және сервис секторының басшысы Жәмилә Кенжебекова.
Бүгінде қаладағы бірден бір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тәулігіне үш мыңға жуық тұтынушы қызметке жүгінсе, «Нұрлы жол» вокзалындағы екінші орталықтың ашылуы – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұдан өзге де нотариус, сақтандыру, автоорталық және осы тектес біраз жобалар іске асырылмақ.
Соңғы сәтті жүзеге асқан жобаның бірі – футуристік капсулдық қонақ үй. Қызметін мамыр айының ортасынан бері бастап кеткен. Жапониядан бастау алып, әлемнің дамыған елдерінде кеңінен таралған қонақ үй жолда асығып келе жатқан жолаушыға өте ыңғайлы, заманауи жабдықталған. «Жолаушы вокзал кешенінен алыстамай-ақ, осында тынығып, келесі сапарына аттанып кете беруіне қолайлы», – дейді вокзал қызметкері.
Вокзал кешенінде бос аумақтар әлі де баршылық екен. Ғимаратта кәсібін дөңгелетсем деген ниеттілер байқау арқылы комиссияның іріктеуімен таңдап алынатын көрінеді. Кешен басшылары ең алдымен жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын ескеретіндіктен, әр жобаға қатаң талап қойып, талғаммен қарайды.
Ардақ Зұлқажапқызы