Парктің қозғалыс дирижері
Оқуға 2 мин
Гүлмира Досмағанбетова – Шымкент станциясының парк кезекшісі. Шымкент станциясында жұп және тақ бағыттары бойынша екі жұмыс паркі бар. Парк кезекшілері Түлкібас пен Арыс жақтан келетін құрамдардың жай-күйін бақылап отырады.
Осы жұп паркінің кезекшілігін атқаратын Гүлмира Досмағанбетова – бүгінде өз саласының жілік майын шаққан кәнігі маман. 1992 жылдан бері парк кезекшісі болып жұмыс істейтін маманның 26 жыл еңбек өтілі бар.
– Өздеріңіз білесіздер, теміржол – өте қауіпті сала. Апат болмас үшін аса сақтық пен қырағылық қажет. Станция кезекшісі бізге паркте тұрған вагондардың жылжып кетпеуі үшін қанша башмак қою керектігін айтады. Оны да қоюдың өзіндік тәртібі бар. Жүк вагондарының башмагы бөлек болады, ал жолаушылар пойызының екі жағына да тежегіш орнатамыз. Жол апаты туындамас үшін жол бойындағы барлық жағдайды станция кезекшісінен біліп отырамыз, теміржолда жөндеу жұмыстары жүргізілгенде машинистерге қай шақырымда қандай жылдамдықпен жүретінін алдын ала ескертіп, сақтандырамыз, қысқасы, қозғалыс саласына қатысты барлық қызмет бірге жұмыс істейміз, – деп парк кезекшісінің міндетін тәптіштей түсіндірді Гүлмира Шәкірқызы.
Парк кезекшілері, сондай-ақ, апта сайын станцияның актив залында өтетін жиынға қатысып, алдағы жұмыс жоспарымен, болып жатқан жаңалықтармен танысады екен. Шымкент айналым локомотив депосынан тәулігіне қанша тепловоздың кіріп-шыққанын, қайда бағыт алғанын машинистердің маршрут қағаздарына жазып отырады. Бір ауысымда станцияға аялдаған машинистердің қағазына мөр басып, келген-кеткен уақытын журналға белгілеп, кезекшілерден кейінгі ауысымды қабылдап, вагондарға башмак қойып, бәріне үлгерулері тиіс.
– Теміржол күрделі сала болса да әйел адамдар көп жұмыс істейді. Теміржол сан салаға бөлінеді. Жолшылар жолдың күтімі мен күйіне жауапты болса, вагоншылар вагонға, локомотивке машинистер, байланыс-белгі беру, электрмен жабдықтау салаларынан бөлек, жолаушыларға қызмет көрсететін вокзал шарушалығы бар. Солардың қай-қайсысында да әйелдер ерлермен бірдей еңбек етеді. Демек, қозғалыс қауіпсіздігіне жауапкершілік бәрімізге бірдей, – дейді Гүлмира Шәкірқызы.
Жұп паркіне Гүлмирадан басқа төрт кезекші бар, олар ауысым бойынша жұмыс істейді. Олардың бәрі де көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі жандар.
Жансая СЫДЫҚБАЙ
Суретті түсірген автор