Нұрай Сәрсенғали
Орталық Азияға бастар көпір
Оқуға 2 мин
Павлодардағы Орталық Азияға бастайтын ірі көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Бірнеше айдан бері салынып жатқан өткелдің күні кеше аркасы боялып болды. Ертіс өзені үстінен тұрғызылған нысан биыл желтоқсан айында қолданысқа берілу үшін мұндағы құрылысқа 480 адам жұмылдырылған.
Жалпы бұл ірі көліктік инфрақұрылым нысанын салу екі жарым айдың ішінде жүзеге асырылуы тиіс. Дәл қазіргі таңда негізгі міндет – ауа райы қолайлы болып тұрғанда асфальттау жұмыстарын жүргізу. Себебі қазан айында температуралық режим жұмысқа кедергі келтіруі мүмкін.
–Қазірде көпір өткеліндегі негізгі жұмыстар аяқталды. Егер Кенжекөл (Павлодардың шеткі ауылы) жағынан аз ғана жұмыстар, яғни ұзындығы 500 метрлік эстакада бөлігіндегі асфальттың негізгі қабатын төсеу ісі қалса, Ақсу бағытындағы Ертістің негізгі арнасынан кейінгі эстакадада әлі бір жарым км асфальт төселу керек, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Амантай Қасымханов.
Расында да, негізгі құрылыс біткенімен көпір толық қолданысқа өту үшін әлі де қыруар шаруа тындыру керек. Атап айтқанда, кедергі және көпір таянышы қоршауларының бөлігін орнату, жарықтандыру, жол белгілерін қою, көгалдандыру, көпір таянышының 5 км-ін бояу жұмыстары бар. Бұл жұмыстармен келісімшарт негізінде жергілікті қосалқы мердігер мекемелер айналысуда. Сонымен қатар олар құлама бөктерлерді бекіту, көпір бөлшектерінің астын қалыпқа келтіру, су ағысын бағыттайтын бөгеттер қондырғылар салу жұмыстарын жасайтын болады.
Еске сала кетейік, жоба құны 53,9 миллиард теңгені құраған. Көпір «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынуда. Төрт көпірден тұратын ұзындығы 12,5 км көпір өткелі «Орталық-Шығыс» республикалық төрт жолақты автобанының бір бөлігі болмақ және Қазақстанның орталық бөлігін көрші Ресейдің аймақтарымен байланыстырады.