Бүгінде Семей жүк тасымалдау бөлімшесі бойынша жүк тиеу, түсіру жұмыстары науқандық шараларға байланысты ерекше қарқын алуда. Бұл ретте ел шығысын қамтып, қала берді таяу шет мемлекеттерге көмір жөнелтіп отырған, Қаражыра кенішінің іргесінде орын тепкен екінші класты Дегелең станциясындағы жұмыс қауырт. Себебі, күздің келуімен бірге тапсырыс та көбейеді. Ал жоспарды мезгілінен кешіктірмей орындау дегелеңдік теміржолшылар үшін бұлжымас міндет. Дегелең станциясының сала қызметкерлері жүк тиеу бойынша өткен жылды жемісті қорытындылаған болатын. Мәселен, желтоқсан айында тәулігіне 490 вагон көмір тиеп, жоспарды межеден асырған еді. Ал биылғы жылы бұл көрсеткішті тағы жоғарылатып, рекорд жаңартуды көздеп отыр. Қазіргі күні тапсырысқа сай, жоспар бойынша тәулігіне 420 вагон жүк тиеліп, 6 жылжымалы құрам жолға шығады. Бұл өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда анағұрлым жоғары көрсеткіш. Яғни, жүк көлемін еселеп арттыруға әлі де мүмкіндік бар деген сөз. Осы ретте аталмыш станция бойынша 6 000 тонналық жүкті жолға алып шығатын ауыр салмақты пойыздар бар екенін ескерсек, көзделген межеге қол жеткізуге мүмкіндік туып тұр. –Бүгінгі таңда Қаражыра кеніші басшылығының өтінімі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Көмір тиеу биыл жаз бойы жүзеге асырылды. Тәулігіне 140 вагоннан тұратын екі жылжымалы құрамды тұрақты түрде жөнелтіп тұрдық. Ал тамыз айынан бастап жүк тиеу шарасы күрт қарқын алды. Жыл соңына дейін көрсеткіштеріміз еселеп өсетін болады. Оған қызметтік әлеуетіміз жеткілікті, – дейді пікір білдірген Дегелең станциясы бастығының шұғыл жұмыстар бойынша орынбасары Хамза Тұрсынғали. Қазіргі күні аталмыш станциядан үш жолаушы пойызы өтеді. Ал транзиттік жылжымалы құрамдар күнделікті ағылуда. Оның барлығын 75 теміржолшы қызмет ететін аталмыш станция көршілес Павлодар бөлімшесіне тапсырады. Басшылықтың айтуынша, жүк тиеу ғана емес, пойыздар қатынасы да бұрынғы жылдарға қарағанда анағұрлым артып келеді екен. Мұнымен қоса әрине, дегелеңдік теміржолшылардың еңбегі де еселене түсуде.

Қуаныш ҚОЖАЕВ,  Дегелең станциясы