Биылғы жылы аса көп мөлшерде жауған жауын-шашыннан  Атырау өңірі едәуір қиындық көріп отыр. Осыған орай темір жол бойын апатты жағдайдан сақтау үшін теміржолшылар сақтық шараларына баса көңіл бөліп отыр. Әсіресе, Исатай ауданында қауіп бар. Өйткені су бөгеттері – дамбалардың соңғысы 1994 жылдары салынған. Ал аталған ауданда Исатай, Аққыстау, Бекбике, Д.Нұрпейісова, т.б. станция-разъездер бар. Атырау магистральдық желі бөлімшесі бойынша 2016 жылғы көктемгі сең тасқыны, жаңбыр сулары ағысы кезінде жолдың, жол төсемінің және жасанды құрылыс кешендерінің сақталуы мен тұрақты жұмыс істеуін алдын ала ұйымдастыру барысындағы техникалық іс-шаралар өз деңгейінде орындалуда. Облыс аймағындағы темір жол торабы бойынша негізгі жолдың ұзындығы – 878,7 км. Бөлімшенің қызмет көрсету учаскесі  аралығында 56 көпір, 204 темір-бетонды су құбырлары бар. Атырау облысы аумағында негізінен Жайық өзені өтеді, сондай-ақ Қиғаш, Жем, Ойыл өзендері бар,  Каспий теңізі де бүйірде тиіп тұр. Сондықтан, көктемгі су тасқыны жұмыстары үшін вагондармен келген жабдықтар бекітілген станцияларда әлі тұр. –Атырау темір жол торабы бойынша су шайып кетуге қарсы 5 пойыз жасақталған. Атырау станциясы басында қазіргі уақытта қажетті материал, құрал-жабдықтар тиелген 2 вагон, Ақжайық станциясында да 2 вагон дайын тұр. Ал Атырау, Ганюшкино, Құлсары, Бейнеу, Маңғыстау жол дистанциялары бойынша су тасқынына қарсы дайындық жоғары, қандай жағдайға да әзір. Атырау, Ақтөбе жол тораптарын су тасқынынан қорғау жұмыстары жасалып, нөсер жаңбыр кезінде қырғы бақылауда тұр. Қазірде магистраль желісіне қарасты дистанциялардың жауапкершілігіндегі жасанды құрылыс кешендері, көпірлер, темір-бетонды тұрбалар, кюветтік су жүрісі жыралары қардан, қоқыстан тазартылып, күнделікті күтіп-ұстау, жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Су тасқыны кезінде шайып кету қаупі бар көпірлер мен тұрбалар күнделікті диспетчерлік бақылауға алынған, – дейді бөлімше директоры Тимур Күштаев.

Қосұйым Мұқашев, Атырау