Балтық жағалауы арқылы Азия - Еуропа транзитінің жаңа бағдарларын дамытуды көздейді
Оқуға 2 мин
Қазақстандық логистердің Балтық терминалдық инфрақұрылымы базасында транзиттік интермодальдық қатынасты дамытуға мүмкіндігі туып отыр.
«Кедентранссервис» АҚ Бас директоры Арман Сұлтанов қазақстандық делегация құрамында Литва Республикасының бірқатар ірі көліктік-логистикалық нысандарында болды. Соның ішінде Клайпеда порты мен оның терминалдарын, Каунас еркін экономикалық аймағын және Вильнюс интермодальдық терминалын аралады.
Кездесудің өтуіне Қазақстан-Литва іскерлік кеңесі, «Литва темір жолдары» АҚ, ЛИНАВА Литва ұлттық автомобиль тасымалдаушылары қауымдастығы, ЛИНЕКА Литва ұлттық экспедиторлар мен логистер қауымдастығы, Литва өнеркәсіпшілер конфедерациясы және Клайпеда мемлекеттік теңіз порты дирекциясы ұйытқы болды.
Сапар барысында «Кедентранссервис» АҚ қызметінің, сондай-ақ даму мүмкіндіктері мен келешегінің таныстырылымы жасалды. Қазақстандық мамандар литвалық компаниялардың терминалдық қызметті және көлік-логистикалық орталықтарды дамыту, заманауи технологияларды қолдана отырып, инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы тәжірибесін зерделеді.
Литва Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің, Литва темір жолдарының және бірқатар көлік компанияларының басшылығымен болған бірлескен кездесуде контейнерлік тасымал, оңтүстік-шығыс пен Орталық Азиядан Еуропаға және кері бағытта транзиттің жаңа бағдарларын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды.
Атап айтқанда, жүк жөнелтушілермен және жүк алушылармен нақты келіссөздер барысында контейнерлік пойыздарды Балтық терминалдық инфрақұрылымын пайдалана отырып, транзиттік интермодальдық қатынаста олардың екіжақты жүктемесін қамтамасыз ете отырып ұйымдастыру бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сондай-ақ, «Кедентранссервис» АҚ қойма желісі базасында жүк терминалдарын басқарудың IT жүйелерін және көлік-логистикалық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру элементтерін енгізудің практикалық мәселелері пысықталды.