Құрметті кәсіподақ қызметкерлері! Сіздерді қазанның 10-ы күні аталып өтетін төл мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасының Кәсіби одақтары күнімен құттықтаймын! Әділдік, бірлік және ұжымдық ауызбіршілік қағидаттарын негізге ала отырып жұмыскерлер мүддесін қорғаудағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін! «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігі еңбеккерлердің жұмыс барысындағы құқықтары мен қауіпсіздігінің сақталуын, денсаулығына нұқсан келмеуін, еңбегіне сай жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етуде белсенділік танытып келеді. Қазіргі уақытта 100 мыңға жуық теміржолшы ұжымдық келісімшартқа сай әлеуметтік тұрғыдан қамтылған болса, бұл – Ұлттық компания мен салалық кәсіподақтың ортақ жетістігі. Алдағы уақытта да «Қазақстан темір жолы» ҰК мен «Қазкөліккәсіп» ҚБ еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау жолындағы игі істерді жалғастыра берері сөзсіз. Жол-көлік жүйесіндегі әріптестеріміздің лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған ұстанымдарыңыз бен ұйымдастырушылық қабілеттеріңіз әрдайым нәтижелі болсын! Осынау жауапкершілігі мол жұмыста сіздерге зор денсаулық, мұқалмас жігер, қажымас қайрат тілеймін! Отбасыларыңыз аман болып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын! Нұрлан САУРАНБАЕВ, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы