Нұрбек Имансеріков мезгілсіз дүниеден озды
Оқуға 1 мин
2021 жылдың қыркүйек айында «Қазтеміртранс» АҚ Қарағанды филиалы директорының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүрген аяулы жар, ардақты әке, білікті басшы Нұрбек Қабылбекұлы Имансеріков 41 жасына қараған шағында мезгілсіз дүниеден озды.
Нұрбек Қабылбекұлы Алматы облысы Сарқанд қаласында 1980 жылы 12 қарашада дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «Тасымалды ұйымдастыру және басқару» мамандығы бойынша бітірген ол еңбек жолын 2007 жылы «Қазтеміртранс» АҚ Қарағанды филиалында Жаңаауыл станциясының тауар кассирі-қабылдап-тапсырушысы болып бастаған.
Әр жылдар аралығында Нұрбек Қабылбекұлы «Қазтеміртранс» АҚ Қарағанды филиалында көліктік логистика бөлімінің инженері, жүк вагондарымен операторлық қызмет көрсету бөлімінің инженері, жүк және коммерциялық бөлімінің бастығы, «Қарағанды ЖТ бөлімшесі» логистика және жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары, Персоналмен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды.
Ол талапшыл әрі әділ, адам жанын түсінетін, әріптестеріне қолдау және ақыл-кеңес беретін жан еді. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшы болды. Нұрбек Қабылбекұлының отбасы мен туған-туыстарына әріптестері қайғырып көңіл айтады.