Семейлік теміржолшылар рационализаторлық ұсыныстар саны бойынша ұлттық компания көлемінде алдыңғы орындардан көрініп келеді. Өндіріске жаңашылдық енгізуде өңір өнертапқыштарының жетістігі аз емес.
Солардың бірі – Семей магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Жаңа-Семей жол дистанциясының инженер-метрологы Мария Тұрсынова. Теміржол саласында 17 жыл еңбек өтілі бар ол – өз саласын мықты меңгерген маман. Соңғы жылдары өндіріске ұтымдылығы жоғары жаңашылдықтар енгізуге ден қойған. Оның зерттеу-зерделеу еңбектерінің бірқатары бүгінде байтақ еліміздегі теміржол саласындағы өндіріс барысына енгізу бойынша қолдау тапқан.

Жалпы, Мария Евгеньевна 2021-2026 жылдары арасында 13 рационализаторлық ұсыныс өткізіпті. Барлығы да Астанадағы техникалық комиссия тарапынан жоғары бағаланған. Мария осыдан біраз бұрын Астана төрінде өткен «Рационализаторлық – техникалық дамудың негізі» атты конференция барысында үздік атанды. 150-ден аса өнертапқыштар арасында Мария Евгеньевна «Үздік рационализатор» атағын жеңіп алып, барша әріптестері арасында мерейі өсті. Ол – жол шаруашылығы бойынша тың өндірістік жаңашылдықтардың авторы. Алдағы уақыттарда да өзі еңбек ететін осы сала бойынша жинаған тәжірибесін, білім-білігін пайдаланып, жоғары сапалы еңбек көрсеткішіне жету жолында тың тәсілдерді ойлап табуға мүдделі.