Еңбек ері - 90 жаста

ҚТЖ келбеті
10.06.2020, 09:04
Сабырхан Сейілбекұлы

Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші

Сыр бойы теміржолшыларының мақтанышы мен абырой беделіне айналған тұлға – Оразбай Әбішев 10 маусымда торқалы тоқсан жасқа толып отыр. Қазақстан темір жолында бүгінгі таңда көзі тірі, кеңестік кезеңде Батыр атанған ең соңғы Еңбек Ерінің өмір жолы ғажайыптарға толы...

Тегін адам батыр атана ма?! Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де ақиқат пен аңызға толы өткен өмірі жайлы, қол жеткізген жетістіктері туралы бұған дейін де талай айтылды, жазылды, жазыла да бермек.

Қызылорда локомотив депосының музейінде Еңбек Еріне арналған арнайы бұрыш та ардагердің өшпес еңбек жолынан сыр шертеді.

Сұрапыл соғыс жылдары бұғанасы қатпаған жасөспірім шағында еңбекке араласып, теміржолдың ұстаханасында тәулігіне 14-15 сағат жұмыс істеген, тағдыр талайына тау көтерген толағайдай ауыртпалық жазған буынның өкілі. Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Комсомол кеңшарында қарапайым шаруа адамдары Әбіш пен Күлжанның отбасында 1930 жылы өмірге келген Оразбай Әбішев жанұядағы балалардың үлкені болғандықтан еңбекке бала күнінен араласып, 12-13 жасында кәдімгідей үлкендермен бірдей жұмыс істеген екен.

Қызылордадағы теміржол училищесін оқып бітіріп, Қызылорда (паровоз) локомотив депосының электромашина цехында паровоздарды жөндеуші слесарь болып жұмысқа орналасқан күннен бастап өзін кәнігі теміржолшыдай сезінген.

Тәулік бойы от ұшқындап, балқыған ыстық темірдің иісі қолқаны қапқан депоның шеберханасынан тәулік бойы шықпауға бар еді. Міне, сол бір жерде, яғни Қызылорда локомотив депосында туп-тура жарты ғасыр тап жылмай еңбек еткен ардагер бір басына жетерлік құрмет пен абыройды да иемденді.

Сонау соғыстан кейінгі 1947 жылы «За доблестный труд в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 гг.» марапатын кеудесіне таққан кезде жасы жетпей соғысқа бара алмай, фашизмге деген ыза-кегі ішінде қайнаған жас жігіт өзінің де жеңіске үлес қосқанын сезінгендей қанағаттанған. Содан кейінгі жылдары да еңбек адамына көрсетілетін құрметтен кенде болмай, мемлекеттік марапаттардың талайын иемденді, ақшалай-заттай сыйлық та алып жатты.

«Құрметті теміржолшы» атанды. 1981 жылдың 2 сәуірі күні СССР Жоғары кеңесі Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» бен «Ленин» орденін төсіне тақты.

Бір депода бүкіл еңбек жолын өткізіп, сол Қызылорда локомотив пайдалану депосынан зейнетке шыққан, қаншама ізбасар, шәкірттер тәрбиелеп өсіріп, өзіндік мектебін қалыптастыра білген ардагердің сан түрлі өнертапқыштық ұсыныстар енгізіп, деподағы өндірістік жөндеу жұмысын жеңілдетуге орасан зор үлес қосқан еңбегі жоғары бағаланады.

Мәселен, сол жылдары доңғалақты-моторлы блоктың (КМБ-колосно-моторный блок) 900 данасын бір жыл ішінде Оразбай Әбішевтің бригадасы жөндеп шығып, ауыстыруы – еліміздегі деполар арасында рекорд саналған екен.

Еңбек еткен жылдары өндіріске 50ден аса рационализаторлық ұсыныс енгізіп, жемісті нәтижеге қол жеткізген майталман теміржолшының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, марапатталғаны өз алдына, басқа деполарға да тәжірибе ретінде таратылып отырған. Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, Құрметті теміржолшы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңес мүшесі Оразбай Әбішев – «ат үркітетін» атақ-абыройы бар болса да, марапатқа марқайып, асып-тасуды білмейтін өте қарапайым жан.

Бұл оның қанша жерден атақты, батыр болсаң да адами болмысын бәрінен жоғары қоя білген ұлылығы болса керек.

Қызылорда локомотив депосы еліміздегі депо машинистері арасында Еңбек Ері Оразбай Әбішев атындағы конкурс өткізуді дәстүрге айналдырған.

Жыл аралап өтетін байқаудың құрметті қонағы болып қатысатын «көзі тірі» кейіпкер мұндайда жас әріптестерімен емен-жарқын сұхбат құрып, оларды тыңдап, өзі әңгіме айтып бір жасап қалады.

Міне, бүгінде туып-өскен елжұртының ортасында торқалы тоқсан жасын қарсы алып отырған ақсақал, құдайға шүкір, әлі тың, қуатты.

Ардагерге жүз жасаңыз деген тілек білдіріп, бейбіт күнде қайталанбас ерліктің үлгісін көрсеткен қарапайым еңбек адамының ерлігі ұрпаққа мәңгі үлгі болғай демекпіз. 

Әлемде
26.08.2026
Иран мен Ауғанстан арасында жүк тасымалы 8 есе өскен
Жүк тасымалы
26.08.2026
ҚТЖ желісімен 8 млн тоннадан астам астық тасымалданды
Әлемде
26.08.2026
Болгарияда Skoda Group электропойыздары жолаушы тасымалдай бастады
Әлемде
26.08.2026
Жапонияда Токио – Нагоя маглев желісінің құрылысы қайта жандануы мүмкін
Жаңалықтар
26.08.2026
Қазақстанда қала маңы электр пойыздары жаңартылады
Жаңалықтар
25.08.2026
Бурабай курортының теміржолшысы 100 жылдық мерейтойын атап өтті
Жүк тасымалы
25.08.2026
ҚТЖ жаңа жылыту маусымына 19,5 млн тоннадан астам көмір жеткізді
Инфрақұрылым
25.08.2026
Алпыс сағаттық ауқымды жұмыс
Аймақтар
25.08.2026
Үздік жолшылар ұжымы – Құлсарыда
Аймақтар
25.08.2026
Қызылордалық теміржолшылар жүк тасымалын табысты үйлестіріп отыр
ҚТЖ келбеті
25.08.2026
Қауіпті ақауды дер кезінде таныған маман
Әлеумет
25.08.2026
Ізгі дәстүр: Теміржолшылар бірінші сыныпқа баратын балаларға қолдау көрсетті
Аймақтар
25.08.2026
Ұрлық түбі – қорлық
Жаңалықтар / Мұрағат
25.08.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №67 25 тамыз 2026 жыл
Қауіпсіздік
24.08.2026
Қауіпсіздікке талап қашан да жоғары
Әлеумет
24.08.2026
Жамбылда 235 бүлдіршінге мектеп құралдары берілді
Жаңалықтар
24.08.2026
ҚТЖ Trip Optimizer және Kinetix-ті қолдануды кеңейтеді
Трансформация
24.08.2026
Олжас Бектенов көлік саласының трансформациясын тексерді
Жүк тасымалы
24.08.2026
Елімізде теміржол транзитін автоматтандыру аясы кеңейді
Жаңалықтар
24.08.2026
Қазақстан теміржол транзитін рәсімдеуді алты есе жылдамдатты