«Бір қателік өмірімді өзгертті»

Қауіпсіздік
30.01.2026, 09:01
Суретті түсірген автор
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ. Бұл теміржолшылардың бір ғасырдан бері айтып жүрген ескерту сөзі. Алайда, бұл сөз қазіргі 21- ғасырда да өміршеңдігін жоймай отыр. Олай дейтініміз, заманауи технологиялар мен техникалар өндіріске дендеп еніп, теміржолшылардың қауіпті әрі ауыр жұмысы жеңілдеп жатқан бүгінгі заманда да еңбек қауіпсіздігі бұзылып, темір жолда жазатайым жайттар орын алып жатқаны жасырын емес. Бүгінгі кейіпкеріміз Дәурен Мәдижан да жұмыс кезінде жарақат алып, жапа шеккен жанның бірі.

– Дәурен, естуімізше, сіз темір жол бойында жұмыс істеп жатқанда қайғылы жағдайға ұшырапсыз. Ауыр болса да оқиғаны өз аузыңыздан естігеніміз абзал болар...  

– Иә, осыдан 9 жыл бұрын мен өмірімді түбегейлі өзгерткен қайғылы жағдайға тап болдым. Мұны қайта еске алып, әңгімелеу де маған оңай емес, бірақ ол өте маңызды. Сізге сұхбат беруге келісуімнің де себебі осы...  

2017 жылдың желтоқсан айы болатын. Шайқұрық станциясында пойыз құрастырушы болып еңбек етіп жүріп ауыр өндірістік жарақат алдым. Пойыз астына түсіп, аяғым мыжылып қалды. Қас-қағым сәт, бір қателік бүкіл өмірімді өзгертті. Әрі қарай аурухана, бірнеше ота, айлар жылдарға жалғасқан, үміт пен күдік алмасқан ауыр күндерде менің қасымнан отбасым, достарым, әріптестерім табылды. Жалғыз қалдырмады. Компания ем-дом қабылдауыма көмектесіп, қалпыма келуіме және жұмысқа оралуыма мүмкіндік берді. Жақын адамдарым жан-жақты қолдау көрсетті, осының бәрі маған демеу, рухани көмек болды. Сол үшін де менің басыма түскен сынақтан сағым сынып, жеңілуге хақым жоқ еді. Мүмкіндікті пайдаланып, қасымнан табылған жақын жандарға, әріптестеріме, ҚТЖ компаниясына үлкен алғыс айтқым келеді.  

– Мұндай ауыр сынақты көтеру оңай емесі белгілі. Шынында да, сіздің ерік-жігеріңізге тәнті болдым. Темір жолға қайта оралыпсыз. Қазір негізгі қызметіңізден бөлек қосымша жүктемеңіз де бар екен. Осы туралы толықтырақ айтып бересіз бе?  

– Бүгінгі таңда Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінде қозғалыс цехының жетекші инженерімін. Бұл қызметімдегі міндеттерімді толық көлемде атқарып жүрмін. Ал өткен жылдан бастап менің өмірімде жаңа бір бағыт пайда болды. Еңбек қауіпсіздігінің мәдениеті бойынша ішкі жаттықтырушы болдым. Бұл – менің ағымдағы міндеттеріме қосылған қосымша жүктеме. Бірақ мен оны саналы түрде қабылдадым. Басымнан өткеннің бәрін ой елегінен өткізе отырып, басқаларға пайдалы болатынымды түсіндім. Мені оқытты, біз бірлесіп материалдар дайындадық, осылайша тренер болдым, оқыту барысында адамдардың құр сандарды емес, менің өз басымнан өткерген нақты оқиғаны естігенде басқаша әрекет ететінін байқадым. Тән мен жан дерті адамның өмірге көзқарасын өзгертеді. Компанияда ішкі жаттықтырушы мен ғана емес, мен сияқты өмірдің ащы дәмін татып, әртүрлі ауыр жағдайды бастан кешірген басқа да тренерлер бар. Бірінің жанарына зақым келіп, бір көзін жоғалтқан, ал енді бірі аяғынан айырылған, тағысын тағы. Бірақ оларды ортақтастыратын бір нәрсе, олар бойындағы күш-қайраттарын жоғалтпай, жұмыстарын қайта жалғастыруда.  

– Ішкі жаттықтырушы болу – көпшілік алдында сөз сөйлеп, тыңдата білу. Сіздің жағдайыңызда, сізге ел алдында дайын баяндаманы оқып беру емес, өз өміріңізден жиі сыр шертуге тура келеді. Бұған сіз әрдайым дайынсыз ба?  

– Әрине, біз кәсіби лекторлар емеспіз. Біз қауіпсіздіктің бағасын өте жақсы білетін қарапайым теміржолшымыз. Және де біз жай ғана теорияны емес, нақты оқиғаны айтамыз, бәлкім, бұл бір күні біреудің денсаулығын немесе тіпті өмірін сақтап қалуға септігін тигізер. Сөз реті келгенде ішкі жаттықтырушы ретінде біздің жұмысымыз туралы айтқым келеді. 2025 жылы біз еңбек қауіпсіздігі мәдениеті бойынша жаттықтырушылар Қазақстанның 500 астам станциялары мен жекелеген пункттерін, яғни ірі тораптардан бастап магистральдың ең шалғайдағы телімдерін аралап, 15 000 астам теміржол қызметкерін оқыттық. Білесіз бе, біздің курс ерекше сипатта құрылған. Біз тренингтерде бақытсыз оқиғалардың тарихы баяндалған, яғни жапа шегушілердің өздері мен олардың туыстары қатысқан фильмдерді көрсетеміз. Бұл кадрларды көру өте ауыр, бірақ ол естен кетпес әсер қалдыратын шындықты көрсетеді. Адамдардың жапа шегушілердің өзін, олардың отбасын, ауыр салдарын көргеннен кейін қауіпсіздікке деген қатынастары бірден өзгеріп сала береді. Фильмнен кейін біз өз оқиғаларымызды «Швейцариялық ірімшік» әдісі арқылы түсіндіреміз. Швейцариялық ірімшік әдісі дегеніміз, бұл кейінге қалдыруды тез жеңуге көмектесетін әдіс. Неге бұл әдіс?  

Өйткені ол жазатайым оқиғаға алғышарт болатын мәнді өте дәл көрсетеді: Жарақат бір қателіктен емес, швейцариялық ірімшіктегі тесіктерге сәйкес келетін кішкентай кемшіліктер тізбегінен туындайды. Мәселен, бір жерде қорғаныс көзілдірігін киген жоқпын, бір жерде мен «үлгеремін» деп ойладым, бір жерде нұсқаулықты сақтамадың, енді бір жерде бұзушылықты көре тұрып, үнсіз қалдың. Осылайша, бұл кішкентай «тесіктер» сап түзеді де, бір күні қайғылы жағдай орын алады.  

Бұл қағида адамдарға алдын алу күнделікті жасайтын қарапайым әрекеттерден басталатынын түсінуге көмектеседі. Біз тренингтерде жеке оқиғаларымыздан бөлек, бүгін компанияда бар заманауи қауіпсіздік құралдары туралы айтамыз. Олар – қауіпті факторларды анықтау, тәуекел туралы айту мәдениеті, қауіпсіздіктің мінез-құлық диалогы, сондай-ақ қауіпті жұмысты уақытында тоқтату. Бұл қарапайым нәрселер болғанымен, өте маңызды.  

Біз «тоқта» деп айтудан қорықпаудың, әріптестерге қорғаныс құралдарын еске салудан тартынбаудың, «өтіп кетер» деп ойламаудың маңызды екенін үйретеміз. Жұмысшылармен ашық және өз басыңнан өткенді бүкпесіз, қалай болды солай айтсаң, нақты мысалдарда көрсете алсаң, сонда ғана жеткізе аласыз. Ең бастысы шынайы болу. Біздің басты мақсатымыз – адамдарды қауіп-қатерге тап болмай тұрып ойлануға дайындау. Өйткені бір кішкентай қателік мүгедек етіп, тіпті ажал құштыруы мүмкін. Сондықтан барлық теміржолшы әріптестеріме еңбек тәртібін, қауіпсіздігін сақтап, қауіпсіз жұмыс істейік, үйде бізді жақындарымыз, бала-шағамыз күтіп отыр дегім келеді.  

– Әңгімеңізге рахмет!  

 

Жаңалықтар
09.04.2026
ҚТЖ паркі заманауи локомотивтермен толықты
Әлемде
09.04.2026
Жапонияда панорамалық терезелері бар пойыз-мейрамхана пайда болады
Инфрақұрылым
09.04.2026
Биыл Зубовск кентіндегі теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады
Жаңалықтар
09.04.2026
ҚТЖ экологиялық міндеттемелері аясында Алматы облысында 100 мыңнан астам ағаш отырғызады
Әлемде
08.04.2026
Жапонияда 30 жыл ішінде 1300 шақырымнан астам теміржол жабылған
Инфрақұрылым
08.04.2026
Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы жалғасуда
Жаңалықтар
08.04.2026
Темір жолға тартылған қаражат неге керек – сарапшы түсіндірмесі
Жолаушылар тасымалы
08.04.2026
ҚТЖ-ның әйелдерге арналған вагондарымен 856 мыңға жуық жолаушы сапарлады
Жаңалықтар
08.04.2026
Отандық теміржол өнімдері еуропалық стандартқа сай сертификатталуда
Жүк тасымалы
08.04.2026
Үш айда Өзбекстаннан Қытайға 76 контейнерлік пойыз жөнелтілді
Спорт
08.04.2026
Ғасырлық тойға – спорттық тарту
Жаңалықтар
08.04.2026
Қазақстан мен Грузия: Стратегиялық серіктестік пен «Орта дәліздің» болашағы
Жаңалықтар
07.04.2026
Қазақстан мен Грузия көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады
Жолаушылар тасымалы
07.04.2026
Астана – Омбы халықаралық бағытында RWS Wagon компаниясының жаңа 45-үлгідегі жолаушылар вагондары қатынай бастады
Жүк тасымалы / Инфографика
07.04.2026
Теміржол көлігімен жүк тасымалы көрсеткіші тұрақты өсімді көрсетуде
Әлемде
07.04.2026
Польшада көпфункционалды Combo вагондары қолданысқа берілді
Жаңалықтар
07.04.2026
«Мөлдір бұлақ»: Атыраулық теміржолшылар Жайық бойын тазартты
Трансформация
07.04.2026
Машина жасаудағы маңызды қадамдар
Жолаушылар тасымалы
07.04.2026
Бес облысты басып өтетін жаңа маршрут
Аймақтар
07.04.2026
Бұлақ көрсең көзін аш