Дистанция дайындығы тексерілді

Қауіпсіздік
10.04.2026, 09:35
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

ҚТЖ бойынша көктемгі комиссиялық байқау басталды. Оңтүстік өңірлерде өткен апта басталып кетсе, солтүстікте келесі апта бастау алмақ. Қыстан шыққан бүкіл шаруашылықты қағып-сілкіп, жазғы тасымалға дайындау оңай жұмыс емес. Кеше Астана сигнализация және байланыс дистанциясындағы байқау алдында жүріп жатқан жұмыстарға куә болып қайттық.

Дистанция бастығы Шоқан Баймолдаевтың айтуынша, 03.03.2026 жылғы №ЦГ/31- телеграфтық нұсқауына сәйкес Магистральдық желі дирекциясы Ақмола филиалынан және дирекция басшылары тарапынан тексеру жүреді. Ал осы апта олар өз ішінде басшылық құрам, еңбек қорғау және басқа жауапты мамандардан комиссия құрып, тексеру жұмыстарына кіріскен. Бұл үлкен байқаудың алдындағы дайындық. Олар өздеріне қарасты нысандарды аралап, теміржолшылардың жұмыс орны, еңбек жағдайы, құжаттамалардың дұрыс толтырылуы, ғимараттардың ішкі-сыртқы келбеті, айналасының тазалығы, құрылғылардың жұмыс істеуі т.т. жағдаяттарды мұқият тексеріп, кем-кетікті жоюды қолға алған. Қыстан кейінгі нысандардың қызметін жазғы уақытта жұмыс істеуге бейімдеп, сол бойынша жұмыс жоспары әзірленеді. Мұндағы ең басты міндет – байланыс құралдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету арқылы пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтау.  

Шоқан Баймолдаев бастаған комиссиямен бірге жаңартылған Дөңес посты ғимаратын аралап, одан әрі ЭЦ1- постын тексеру жұмыстарына куә болдық. 30-дан астам цехтары бар мекемеде түрлі атаудағы жұмысшы мамандары еңбек етеді. Атап айтқанда, СОБ, байланыс, радиобайланыс, КТСМ, КППТО, ЭТМ электрмонтерлері, аға электрмеханиктері, электрмеханиктер, инженерлер, телім бастығы сынды маман иелері жұмыс істейді.  

ЭЦ-1 постындағы релелік ғимарат пен теміржол бойындағы әрбір құрылғы, электр жетектері, бағдаршамдар жұмысы бірбірімен тығыз байланысты. Біреуі істемей қалса, қалғанының да жұмысы тоқтап, бұл пост ішінде пульт табло алдында отыратын станция кезекшілерінің жұмысына кедергі келтіреді, онсыз пойыздарды бағыттау қызметі де тоқтайды, машинист, пойыз диспетчері және станция кезекшілерінің арасындағы байланыс та жоғалады. Сондықтан теміржол бойындағы әрбір аумаққа электрмонтерлер мен электрмеханиктер бекітілген. Олар өзіне бекітілген аумақтағы әрбір құрылғының жұмыс істеп тұрғанын үнемі қадағалап, бір сәтке де назарынан тыс қалдырмайды.  

– Комиссиялық байқау барысында құрылғылардың жағдайын, электр жетектерінің ішін қарайды, олар бұрмаларды дайындауға керек. Дөңестен вагон жібергенде осы құрылғылар арқылы олар әр түрлі жолдарға бағытталып түседі. Қазір көріп тұрғанымыздай, бәрінің жұмысы қанағаттанарлық, себебі оларға жауапты мамандардың бәрі тәжірибелі, сауатты. ЭЦ-1 постта ДС пен ШЧ қызметкерлері отырады. Мұнда 18 жұмысшы бар. Олар құрылғылардың жарамдылық мерзімін қарайды. Релелердің 1, 5,10,15 жылда бір рет ауыстыратын түрлері болады. Бағдаршам құрылғысын да ашып, кернеуін өлшейді, муфталарды көктемде және күзде, жылына екі рет ашады, оның ішіндегі кабельдердің контактісін қарайды, тазалайды, - дейді дистанция бастығы.  

Бір шеті Жалтыр телімі, екінші шеті Анар теліміне дейінгі 250 км астам аумақтағы теміржолдың байланысы мен белгі беру құрылғыларына жауапты мекемеде бүгінде 300 астам еңбек етеді. 90 жылдан астам тарихы бар дистанцияның Астана станциясындағы әкімшілік ғимараты ескі болса да іші-сырты жаңартылып, акт залы мен кабинеттер ақталып сырланып, заманауи жабдықталғанын байқадық.  

– Магистральдық желі дирекциясының жоспарына сәйкес 2025 жылы 3 ғимаратымызға ағымдағы жөндеу жүргіздік. Біріншісі, РТУ, яғни жөндеу техникалық телімі, екінші әкімшілік ғимарат және компрессорлық станциясы. Барлық нысандарды әрлеу, ақтау, кафельдерін, санитарлық торабын жаңарту, жиһаздарын жаңалау және басқа ауқымды жұмыс атқарылып, көп жылдық ескі ғимараттардың өңі кіріп қалды. Сонымен қатар былтыр атқарылған үлкен жұмыстардың бірі – бізге қарасты Жайнақ станциясында ЭЦ-постын жаңарту болды. Бұрынғысы әбден тозып, астынан қанша уласақ та, жыландар шығып, мазаны алған еді. ЦЖС көрші ғимаратты, яғни бос тұрған бұрынғы вокзал ғимаратын берді, соны өзімізге бейімдеп, өз күшімізбен СОБ, байланыс, радиобайланыс құрылғыларын орнатып, жұмыс орнымызды соған көшірдік. Келесі жұмыс Өндіріс станциясындағы қосымша 7-жолдың салынуына байланысты оны ЭЦ-постқа қосу болды. Бұл станция жолдарының өткізу қабілетін арттыруға, маневрлік жұмыстар жүргізуге қажет болды. Сонымен қатар Нұрлы жол станциясындағы үшінші жаңа техникалық паркте 2-4 жол арасына пойыздар бұрылатын бұрылыстар салдық. Тағы бір маңызды шаруа – Қырқыншы станциясы мен ОП-42 бекеті арасындағы перегонда Шалқар әдісін енгізіп, бір жолда тақ және жұп пойыз еш қиындықсыз өтетіндей мүмкіндік жасадық, – дейді дистанция бастығы.  

Дистанция басшысы болып былтыр Шоқан Молдахметұлы келгелі бері осындай ауқымды жұмыстар атқарылып, білікті басшы кадр тұрақсыздығына қарамастан жас мамандарды баулып, барша ұжымды жұмылдыра отырып, мекеме жұмысын өрге домалатып отыр. Мұндай тәжірибе оған әрине көп жылдық еңбекпен келген. Еңбек жолын Алматыда 1980 жылы бастаған Шоқан Баймолдаев ең төменгі қарапайым электрмонтер жұмысынан басшылық қызметке дейін көтерілген. Астанаға 2005 жылы келіп, осы дистанция бастығының орынбасары болып 20 жыл еңбек еткен. Биыл зейнет жасына жетіп те қалса да, оның теміржол саласына берері әлі де мол. Оны дистанция жұмысын жандандыруға қатысты жоспарынан да, комиссиялық тексеру барысындағы қырағылығынан да аңғардық.

Цехтардағы қызметкерлер ауысу кестесімен жұмыс істейді, яғни таңғы 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін және одан әрі бөлінеді. Мамандарының білімін арттырып, біліктілігін көтеру үшін техникалық сабақтарды өндірістік оқыту шебері дистанцияда өткізеді. Осындай ауқымды жұмысты үйлестіріп отырған Астана сигнализация және байланыс дистанциясының алдағы үлкен комиссиялық байқаудан сүрінбей өтеріне сенім мол.  

Цифрландыру
02.10.2026
Семейде 240 шақырымдық телімде пойыз қозғалысы цифрлық басқаруға көшті
Инфрақұрылым
02.10.2026
Шу вокзалы қайта түледі
Аймақтар
02.10.2026
Теміржолшылар қалашығында жаңа Өнер мектебі бой көтеруде
Жаңалықтар
02.10.2026
«KTZ – ALT INNOVATION»: мүмкіндіктер алаңы
Жаңалықтар
02.10.2026
Бейнет түбі – зейнет
Жүк тасымалы
02.10.2026
ҚТЖ қыркүйекте астық тасымалынан рекорд жаңартты
Аймақтар
02.10.2026
Теміржолшы ардагерлерге құрмет көрсетілді
Жаңалықтар / Мұрағат
02.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №78 02 қазан 2026 жыл
Жаңалықтар
01.10.2026
ҚТЖ ұсынған «Smart Диагностика» жүйесі AІ & Digital Bridge 2026-да таныстырылды
Аймақтар
01.10.2026
Жетісу облысында Үштөбе станциясының вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Цифрландыру
01.10.2026
Алматыда бес елдің теміржол өкілдері қауіпсіздік мәселесін талқылады
Әлемде
01.10.2026
АҚШ-та Siemens-тің жаңа Airo пойыздары жолаушы тасымалдай бастады
Жолаушылар тасымалы
01.10.2026
ҚТЖ барлық бағыттағы теміржол билеттеріне 10% жеңілдік ұсынады
Аймақтар
01.10.2026
Көкшетауда теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
01.10.2026
Қазақстанның теміржол доңғалақтары Еуропаға жол тартады
ҚТЖ келбеті
01.10.2026
67 жылын теміржолға арнаған ардагер
Жаңалықтар
01.10.2026
Алматыда 43 команда студенттік хакатонда ҚТЖ үшін цифрлық шешімдер ұсынады
Жаңалықтар
01.10.2026
БАӘ Қазақстан мен Өзбекстанмен бірге Пәкістанға баратын жаңа теміржол жобасын пысықтады
Аймақтар
30.09.2026
Жамбыл облысында Шу вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
30.09.2026
Құрық порты мен Xi’an Free Trade Port ынтымақтастықты талқылады