Теміржолшы еңбегі елеусіз қалмайды
Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші
Қызылорда ЖТ бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы теміржолшыларға әлеуметтік қолдау көрсетуді өз жұмысының басты нысанасы деп біледі. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы өзара түсіністік пен әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек адамының заңды құқығы мен мүддесінің сақталуына ықпал етуде кәсіподақ қызметінің орны ерекше.
Бөлімшедегі кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Қожахметова үшін кәсіподақ жұмысы – жай ғана қызмет емес. Бұл – әріптестерінің қуанышы мен мұңын бөлісіп, қажет кезінде жанынан табылуды талап ететін үлкен жауапкершілік. Сондықтан ол әріптестерімен етене араласуға, олардың жұмыс жағдайын өз көзімен көруге, көкейіндегі мәселесін тікелей тыңдауға мән береді.
Жуырда бөлімшенің солтүстігіндегі салалық ұжымдарда еңбек ететін теміржолшылармен арнайы жұмыс тобының кездесуі де осы мақсатта ұйымдастырылды. Кездесу барысында кәсіподақ ұйымына жүктелген міндеттердің орындалу барысы сараланып, еңбек ұжымдарындағы мәселелерге назар аударылды. Бұл – кәсіподақтың қағаз жүзіндегі міндеттемелермен ғана шектелмей, олардың нақты орындалуына мән беретінінің көрінісі.
Еңбек жолында талай белесті артқа тастап, мерейлі жасқа жеткен әріптестердің қуанышын бөлісу де кәсіподақ жұмысының дәстүрге айналған салты сынды. Өйткені жылдар бойы теміржол саласына адал қызмет еткен жанның еңбегін елеу – оның кәсіби жолына көрсетілген құрмет.
Бұл сапарда Ғалия Қожахметова бастаған топ Арал теңізі станциясында көп жылдан бері аға жүк қабылдап-тапсырушы болып жұмыс жасап келе жатқан Қалдыгүл Тұрдыеваның 60 жасқа толуына орай, 40 жасқа келген аға тауар кассирі Шолпан Нұрмағамбетованы 40 жасымен, ал тауар кассирі Элмира Боранқұлованы 50 жасымен арнайы құттықтап, бөлімше басшылығының алғысы мен арнайы сый-сияпат табыс етті.