Өндірістегі он күн: болашақ теміржолшылар тәжірибе жинады
"Қазақстан теміржолшысы" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі
Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің студенттері «Өндірістегі 10 күн» акциясы аясында «Қамқор локомотив» ЖШС-нің «Тараз локомотив жөндеу депосында» өндірістік практикадан өтуді бастады.
Дуалды оқыту жүйесі бойынша «Темір жолдың жылжымалы тартқыш құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің өндірістік оқыту практикасының алғашқы күнінде депоға экскурсия жасады.
Саяхат сабақ барысында студенттер Тараз локомотив жөндеу депосының өндірістік цехтарын аралап, жұмыс процесімен танысты. Депо мамандары локомотивтерді жөндеу кезінде қандай заманауи жабдықтар мен технологиялар қолданылатынын көрсетіп, еңбек қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді.
Колледждің өндірістік оқыту шебері Нұрбол Матербеков болашақ мамандардың кәсіпорында өткізетін он күндік тәжірибелік сабақтарына жетекшілік етті. Ал депо тарапынан бекітілген тәлімгер – Тараз локомотив жөндеу депосының ТО-8 телімнің аға шебері Алмаз Сыздықов әр күндегі еңбек жағдайларын таныстырып отырды.

Өндірісте өткізген он күн ішінде болашақ мамандар жұмыс берушілердің кәсіби біліктіліктеріне куә болып, практикалық дағдыларын үйренді. Еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы жауапкершілікті сезінді. Талап пен тәртіптің маңызын түсінді.
Жұмыс процесінде студенттер теориялық білімдерін іс жүзінде сынап көрді. Депоның білікті мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берді.