Теміржол қауіпсіздігін арттырған рационализаторлық жобалар
Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші
Теміржолда қауіпсіздік талаптарын сақтау өндірістің ажырамас бөлігі іспеттес. Сондықтан теміржолшылардың рационализаторлық жобаларының дені қауіпсіздікке байланысты. Сол себепті бұл бағыттағы жобалар әрдайым қолдау табады.
Қандыағаш сигнализация және байланыс дистанциясының учаске бастығы Камалбай Зейнолдаевтың 2025 және 2026 жылдары ұсынған рационализаторлық жобалары өндірісте қолданыс тапты. Бірі жолдағы релені кернеуден қорғау болса, екіншісі баспалдақтарды сынау кезіндегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Қандыағаш сигнализация және байланыс дистанциясының КИП РТУ учаске бастығы Камалбай Зейнолдаевтың рационализаторлық ұсынысы несімен тиімді деген сауалға келсек, оның 2026 жылғы рационализаторлық жобасы – баспалдақтарды механикалық сынау стендін реттелетін бекітпе, қорғаныш торлы қоршау және тексерушіге арналған қауіпсіз аймақпен жаңғырту.
– Сынақ барысында баспалдақтың жылжуы, майысуы немесе зақымдануы мүмкін. Мұндай жағдайда тексерушінің сынақ жүргізіліп жатқан аймақта болуы қауіпті. Осы мәселені шешу мақсатында қолданыстағы сынақ стендіне қорғаныс элементтерін енгіздім. Баспалдақты сынақтан өткізген кезде оны сенімді бекітіп, қызметкерді қауіпсіз жерде ұстау қажет. Сондықтан қолда бар материалдарды пайдалана отырып, стендті жетілдірдік, – дейді рационализатор Камалбай Зейнолдаев.
Мұнда қолмен басқару тетігі қоршаудың сыртына шығарылып, құлыптау құрылғысымен жабдықталады. Бұл сынақ кезінде персоналдың қауіпті аймаққа кіру мүмкіндігі шектеледі екен. Рационализаторлық ұсыныс қағаз жүзінде ғана қалмай, бүгінде өндірісте қолданысқа енгізілген. Қандыағаш станциясының электрмеханиктері пайдаланып жүр.
2025 жылғы рационализаторлық жоба ИБП-0,3 релесін қоректендіру тізбегін кернеуден қорғауға бағытталған. Қандыағаш – Сағыз учаскесінде аккумуляторлық батареялар форсирленген режимге өткен кезде кернеудің 16-17 В-қа дейін жоғарылауы реленің істен шығуына себеп болған.
Мәселені шешу үшін реленің қоректендіру тізбегіне 20-27 Ом кедергі орнату ұсынылды. Бұл кернеуді рұқсат етілген деңгейде ұстап, ИБП-0,3 релесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде СЦБ құрылғыларының сенімділігі артып, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жоба да бүгінде қолданыста.
Камалбай Зейнолдаевтың теміржол саласындағы еңбек өтілі – 38 жыл. Теміржолшының көп жылғы тәжірибесі салаға миллиондаған сома экономикалық тиімділік әкеліп отыр.