417 теміржолшы білімін арттырды
Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші
Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі уақыт талабына сай теміржолшылардың білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыруға зор көңіл бөледі.
Жыл басынан бастап қыркүйек айына дейін 417 теміржолшы түрлі оқу курстарынан өткен. Бөлімшенің кадр бөлімі басшысы Айдана Нұрмашқызы қазіргі таңда оқу курстары офлайн және онлайн форматта да жүргізіліп жатқандықтан теміржолшылар салалық мамандықтарына сәйкес Ақтөбе мен Астана оқу орталықтарында және Қызылордада бөлімше жанынан ашылған білім жетілдіру курстарынан өтіп жатқанын жеткізді.
– Оқу курстарына барып, біліктілігін жетілдіру реттілігі компания басшылығы мен кадр бөлімінің бекітілген талаптарына сай арнайы реттелген кестемен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда теміржолшылардың өндірістен қол үзбей, жұмыс барысын тоқтатпай білім алуға кең мүмкіндік жасалғандықтан қашықтан оқыту технологиялары мен онлайн формат та жолға қойылған. Оқу орталықтарындағы курстар теміржолшылардың нақты атқарып жүрген жұмысы мен біліктілігіне сай бекітіледі. Теміржолшы қозғалыс қауіпсіздігі қағидалары мен инфрақұрылымға қатысты, техникалық қызмет көрсету сапасын арттыру мен еңбек қорғау талаптарын жетілдіру секілді курстарда арнайы білім алып, саланың заманауи сұраныстары мен талаптарына сай біліктілігін жетілдіріп, тәжірибесін тереңдетеді.
– Биылғы жылы оқу курстары наурыз айынан басталды. 8 адам Ақтөбедегі оқу орталығында білімін жетілдіріп келді. Одан кейін әр ай сайын, бекітілген кесте реттілігіне қарай 26 теміржолшы білімін жетілдірсе, келер айда 35 адам кәсіби дайындықтан өтті. Бөлімшенің салалық мекемелері мен жеке шуаруашылығынан барлығы осы уақытқа дейін 417 теміржолшы білімін жетілдірді. Компания тарапынан қарастырылған білім жетілдіру жүйесіндегі мұндай оқулар кадрлардың әлеуетін көтеруге, өндіріске енгізіліп жатқан жаңа технологияларды меңгеруге және қызметкерлердің өз саласы бойынша үздіксіз шыңдалуына жол ашады, – дейді кадр бөлімінің бастығы Айдана Нұрмашқызы.
Кадр бөлімінің мамандары теміржолшылардың біліктілік курстарына уақытында баруын және қатысуын, оқу бағдарламаларында көтерілген сауалдардың толық меңгерілуін қатаң қадағалап, реттеп отырады. Бөлім мамандары тарапынан жүргізілетін мұндай бақылау өз кезегінде сапалы білім алуға әсер етіп, нәтижесін өндірісте берері сөзсіз.