Жақында семейлік теміржолшы жастар «Samruk Jastary Abai» волонтерлік клубының белсенділері қатарында төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша маңызды оқыту курсынан сәтті өтті.
Бұл пайдалы әрі мейлінше қажетті оқу «Revival 7» қоғамдастығымен және төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылған болатын. Оқыту барысында барша қатысушылар алғашқы көмек көрсету, іздестіру-құтқару жұмыстарының негіздері, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезінде әрекет ету және психологиялық қолдау көрсету бағыттары бойынша өзіндік білімдерін жетілдіріп, тәжірибелік дағдыларын шыңдады. Сонымен қатар қажеттілік туған жағдайда тұрғындарды эвакуациялау мен ұйымдастыру жұмыстарын да үйренді.
Бұл – жай ғана оқыту емес, қауіп төнген сәтте абдырамай әрекет етуге, айналасындағыларға қолдау көрсетуге және адам өмірін сақтауға дайын болудың маңызды қадамы екендігі анық. Осылайша барша іс-шара қатысушылары салтанатты түрде арнайы сертификаттарға ие болды. Жалпы, Семей темір жолының Жастар ұйымы аймақ өміріндегі қоғамдық іс-шараларға қатысып, қайырымдылық бойынша ілкімді жұмыстар жүргізіп келеді.