Маңғыстау түбегіндегі Үстірт бекетінің іргетасы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары таулы-тасты өлкеде мұнай-газ кенінің мол қоры табылуына орай Бейнеу-Маңғыстау теміржолының салынуымен қаланған. Бейнеуден 80 шақырым қашықтықта орналасқан бекеттің жүк тиеу-түсіру тұйықтары бар, барлық құрама пойыздарды қабылдап, жөнелте алады. – Станцияда еңбек ететін қозғалыс саласының тоғыз адамынан басқа жолшылар, белгі беру-байланыс, электрмен қамту мамандары, вагон қараушылар, сумен жабдықтаушылар бар, пойыздар қауіпсіздігін сақтап, жұмыла еңбек етіп келеміз. Жүктелген тапсырамаларды түгел орындап отырмыз, артық шығын жоқ, – дейді Үстірт станциясының басшысы Біржан Үмбетов. Айтуынша, бекетте жолдың тақ және жұп жағынан күніне 10 пойыз өтеді, оның ішінде Атырау-Маңғыстау, Алматы-Маңғыстау, Ақтөбе-Маңғыстау, Бейнеу-Маңғыстау, Нұр-Сұлтан-Маңғыстау пойыздарынан басқасы бекетте аялдайды. Жүк тиеу, түсіру жұмыстары ауыл айналасындағы мұнай бұрғылау мекемесінің келуіне байланысты наурыз, сәуір, мамыр айларында қарқынды жүреді. Үстірттің үздік ұжымы кез келген жұмыс көлемін атқаруға дайын.