Машинажасау саласы қалай дамуда?
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
Елімізде теміржол машина жасау кешені қарқынды жұмыс істеп жатыр. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай артты.
Бүгінде теміржол машинажасау саласында 60- тан астам қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда 8,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, теміржол машиналарын жасау саласының жалпы машинажасау өнеркәсібіндегі үлесі 13%-ға жетті. Өндірілетін өнімдегі қазақстандық қамту деңгейі 30%-дан 90%-ға дейін жетеді. Локомотивтер, жүк және жолаушылар вагондарын, мойынтіректер, тұтас илемделген дөңгелектер, осьтер, арба бөлшектері мен тораптарын және басқа да өнімдерді шығаратын жетекші кәсіпорындар Астана, Петропавл, Екібастұз, Степногорск, Павлодар, Семей, Өскемен және Атырау қалаларында орналасқан. Олардың қатарында «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ, «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС, «Степногорск подшипник зауыты» АҚ, «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС, «Атырау вагон жасау зауыты» ЖШС, «Format Mach Company» ЖШС, «Востокмашзавод» АҚ, «Проммашкомплект» ЖШС, «R.W.S. Wheelset», «R.W.S. Binding», «Railcast Systems» компаниялары және басқа да кәсіпорындар бар.
Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру аясында локомотив және вагон жасау саласындағы әлемнің ірі компаниялары – Wabtec Corporation, Alstom, Stadler және басқа да инвесторлар тартылды. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Машина жасау саласын дамыту дирекциясының мәліметінше, 2017-2025 жылдар аралығында теміржол өнімдерін өндіру көлемі қаржылай мәнде жеті есеге – 104,5 млрд теңгеден 734 млрд теңгеге дейін өсім көрсеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол өнімдерін өндіру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,5%-ға артып, 734 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың өзінде отандық зауыттар 114 локомотив – оның ішінде 45 электровоз және 69 тепловоз бар және әртүрлі мақсаттағы 3 068 вагон, оның ішінде жартылай вагондар, платформалар мен жолаушылар вагондарын шығарды.
Жоғары өсім қарқыны биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында да сақталып отыр. Өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 %-ға артып, 345 млрд теңгеге жетті. Мемлекеттік қолдаудың және бизнестің белсенді қатысуының арқасында елімізде жаңа заманауи зауыттар ашылып, қолданыстағы өндірістік қуаттар жаңғыртылуда.