Биыл Ұмыт қалған заттар сервисі арқылы Солтүстік-Кавказ темір жолындағы 2 800 жолаушыға пойыз бен вокзалда қалдырып кеткен бұйымдары қайтарылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Партнер сайтының жазуынша, жоғалған заттардың көбі пойыз вокзалға жеткеннен кейін табылады екен.
Жолаушылар пойызда әсіресе ұялы телефон, қуаттағыш құрылғы мен телефонның өзге де аксессуарларын ұмытып кетеді екен. Оған қоса бас киім мен көзілдірік, қолшатырларын да ұмытып кететіндер көп.
Табылған ең ерекше заттар қатарында – сноуборд, шаңсорғыш, ыдыстағы гүл, балалар бассейні, ұнтақтағыш машинка бар.
Пойызда ұмыт қалдырған затты іздеу үшін жолаушылар РТЖ сайтына кіріп, өтінім бере алады. Өтінім берген соң жоғалған затты іздеу 30 жұмыс күні ішінде іске асырылады.