Швецияның Snälltåget жеке жолаушылар тасымалы операторы Швеция, Дания және Германия арқылы жүретін түнгі пойыздардағы жолаушылар санының айтарлықтай өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
2021 жылдың 27 маусымында іске қосылған Стокгольм — Мальмё — Копенгаген — Гамбург — Берлин бағытындағы пойыз осы уақытқа дейін 120 мың жолаушыны тасымалдаған.
Snälltåget жаңа маршрутты ешқандай субсидиясыз коммерциялық негізде басқарады және пойыз сұраныс көлемі жеткілікті болған жағдайда ғана жұмыс істейді. 2022 жылдың шілдесі мен тамыз айының басында оператор тасымалдау сұранысын толық қанағаттандыру үшін қосымша вагондарды қосуға мәжбүр болған. Осы жылдың шілде айында жолаушылар легі өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есеге артқан.