Жүк тасымалы – экономиканың сенімді даму бағыты

Сұхбат
10.07.2026, 09:08
Суреттерді түсірген Александр ЖАБЧУК
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Темір жол – ел экономикасының күретамыры болса, сол болат жолда табысқа қол жеткізуде жүк тасымалының алар орны ерекше. «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес компаниясы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директоры Асан Үмбетовпен өткен жылдардағы жетістіктер, серіктестіктің бүгіні мен болашаққа жоспары туралы сұхбаттастық.

– Асан Ізтілеуұлы, серіктестік өткен жылды қандай көрсеткіштермен аяқтады?  

– 2025 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-де тарифтік жүк айналымы 274 852,9 млн т-км неттоны құрап, жоспардағы көлемнен 6,1% асып, 2024 жылғы деңгейге қарағанда 11,2% өсті. Тасымалдау көлемі 293 318,1 мың тоннаны құрады, бұл алдыңғы жылға қарағанда жоспардан 4,4% және 6,6% артық. Айта кету керек, 2024 жылғы деңгейге ең үлкен өсім транзиттік қатынаста байқалды, яғни тарифтік жүк айналымы +19,6%, жүк тасымалы +20,3% болды. Тасымалдау көлемінің өсу үрдісі биыл да сақталуда. Биылғы 5 айда серіктестік бойынша тарифтік жүк айналымы 118 466 млн т-км құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3% өсім. Тасымалдау көлемі 121 658 мың тонна деңгейінде орындалды, бұл 2025 жылғыдан 5,5% жоғары. Биылға компания алдына қойылған негізгі міндет – транзиттік қатынаста тасымалдау көлемін 55 млн тоннаға дейін (2025 жылғы деңгейге +65%) жеткізу.  

– Қазіргі таңда цифрландыру барлық салаға дендеп еніп, жұмыстың алға басуына септік етуде. Осы ретте қандай цифрландыру жобалары жүзеге асырылуда?  

– Соңғы жылдары компанияда бизнес-процестерді автоматтандыруға, операциялардың ашықтығын және тасымалдау процесін басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар негізгі цифрландыру жобалары іске асырылды. Маңызды жобалардың бірі – келісімшарттық және коммерциялық жұмысты басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу. Жүйе теміржол тасымалын ресімдеуге және тасымалдау процесіне қатысушылардың өзара іс-қимыл процестерін автоматтандыруға арналған. Платформаны енгізудің арқасында тасымалдың едәуір бөлігі электрондық форматқа ауыстырылды, бұл өтінімдерді өңдеу жылдамдығын арттыруға, қағаз құжат айналымын қысқартуға және операциялардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ ЭДТ АБЖ жобасы (Энергодиспетчерлік тартым), яғни теміржол көлігінде электр энергиясы мен дизель отынын тұтынуды есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесі іске асырылды. Жүйе нақты уақыт режимінде деректерді автоматтандырылған жинауды, талдауды және бақылауды қамтамасыз етеді, бұл энергия тиімділігін арттыруға, пайдалану шығындарын оңтайландыруға және локомотив паркінің ресурстарын пайдалануды бақылауды жақсартуға ықпал етеді.  

– Жүк тасымалының қандай процестері толықтай цифрлық форматқа ауыстырылды?  

– Қазіргі уақытта, атап айтатын болсақ: теміржол жүкқұжатын электронды түрде ресімдеу, жүктерді тасымалдауға өтінімдерді қабылдау және өңдеу, теміржол әкімшіліктері мен тасымалдау процесіне қатысушылар арасында электрондық деректер алмасу, онлайн режимде вагондарды тасымалдау және орналастыру мәртебесін қадағалау, тасымалдау және қосымша қызметтер үшін есеп айырысуды автоматтандыру, цифрлық деректер негізінде талдамалық және басқарушылық есептілікті қалыптастыру, локомотивтердің борттық жабдықтарынан деректерді автоматты түрде жинау, әрбір рейс бойынша отын шығыны мен электр энергиясының онлайн-мониторингі, дизель отынын тұтыну және энергия тұтыну бойынша талдамалық есептілікті қалыптастыру процестері сандық форматқа ауыстырылды.  

– Алдағы 3-5 жылда қандай цифрлық жобаларды енгізу жоспарлануда?  

– Бүгінгі таңда компанияда тасымалдау процесін цифрландыруға, локомотивтерді пайдалану тиімділігін арттыруға және операциялық шығындарды азайтуға бағытталған бірқатар негізгі іт-жобалар іске асырылуда, мысалы: «Trip Optimizer» жүйесі – жүйе круиздік бақылау қағидаты бойынша жұмыс істейтін пойызды автоматтандырылған жүргізудің зияткерлік жүйесі. Жүйе жолдың профилін, құрамның массасын, жылдамдық шектеулерін талдайды және пойыздың оңтайлы режимін есептейді. Екінші: «Smart локомотив және депо» жобасы – локомотивті мониторингілеудің, диспетчерлік қызметпен қамтудың және қозғалысты басқарудың өтпелі контурына қосуды қамтамасыз ететін тасымалдау процесінің негізгі цифрлық элементі.  

– Кадр жасақтау, жас мамандарды тарту бағытында қалай жұмыс жүргізесіздер?  

– Біздің компанияда жас мамандарды қолдау мен дамытуға көп көңіл бөлінеді. Ол үшін «ҚТЖ-100 жас есім» және «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының «Жастар кадрлық резерві» сияқты корпоративтік бағдарламалар іске асырылуда. Осы бағдарламалардың қатысушылары кәсіби даму, түрлі форматтағы оқыту, мансаптық өсу, сондай-ақ компания басшылығы тарапынан қолдау мүмкіндіктеріне ие болады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – теміржол саласының болашақ басшылары мен негізгі мамандарын даярлау, келешегі зор жас мамандарды дамыту. Бағдарлама шеңберінде 43 қатысушы Жастар кадрлық резервіне алынды. Бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша 18 қызметкер жоғары лауазымдарға жылжытылды және қазіргі уақытта кәсіби даму мен тәжірибе жинақтауды жалғастыруда. Бұдан басқа «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниясы мен М. Тынышпаев атындағы көлік-логистика университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған, соның шеңберінде оқу орнының түлектері конкурсқа қатыспай-ақ компанияның бос орындарына жұмысқа орналаса алады. Бұл перспективалы жас кадрларды тартуға және олардың салаға табысты бейімделуіне ықпал етеді.  

– Бүгінгі таңда Қазақстанда теміржолдағы жүк тасымалы алдында қандай негізгі сын-тегеуріндер тұр?  

– Қазақстан теміржолының жүк тасымалы үшін басты сын-қатер – жүк жөнелтушілер үшін сервистің жоғары сапасын сақтай отырып, тасымалдау көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Қазақстан – Қытай, Орталық Азия, Ресей, Кавказ және Еуропа арасындағы маңызды транзиттік көпір болып қала береді, сондықтан теміржол инфрақұрылымына жүктеме үнемі артып келеді. Транзиттік әлеуетті дамыту үшін халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін ұлғайту, жеткізу мерзімін қысқарту және қазақстандық маршруттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Транзиттік тасымалдар көлемі қатынастардың басқа түрлеріне қарағанда жылдам өсуде, бұл Қазақстан арқылы транзиттің қажеттілігін көрсетеді. Сондай-ақ көрші мемлекеттердің теміржолдарымен жұмысты үйлестіру маңызды рөл атқарады, бұл бүкіл желінің тиімділігіне тікелей әсер етеді. 

 

– Компания тасымалдау көлемінің өсуіне және инфрақұрылым жүктемесінің артуына орай қалай әрекет етуде?

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша жүк айналымы 288, 8 млрд ткм құрады. 2026 жылғы қаңтар-мамыр нәтижелері бойынша 123,0 млрд.ткм-ге жетті, бұл 8,7 млрд ткм-ге немесе өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен 7,7% артық (2025 жылғы қаңтар-мамыр – 114,3 млрд ткм). Тасымалдау көлемінің өсуі және теміржол инфрақұрылымына жүктеменің ұлғаюы жағдайында «ҚТЖ» ҰК» АҚ желінің өткізу және тасымалдау қабілетін арттыруға бағытталған шаралар кешенін іске асырады. Өткен жылы Жетіген–Қазыбек бек айналма желісі бойынша жүктерді тасымалдау қызметі ашылды, ол Алматы теміржол торабына түсетін жүктемені 40% азайтады және жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартады.  

Биыл Дарбаза–Мақтаарал, Мойынты–Қызылжар жаңа желілерінде жұмыс қозғалысын іске қосу жоспарлануда. Қытаймен үшінші теміржол өткелін ашатын Бақты–Аягөз желісінің құрылысы жалғасуда. Бұдан басқа қазіргі уақытта 5 мың км жаңа теміржол салу бағдарламасы шеңберінде 7 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда, ол автоблоктаудың заманауи жүйелерін енгізуді және жалпы ұзындығы 3 000 км учаскелерді жаңғыртуды көздейді.  

Оның шеңберінде екінші жолдар, жаңа бөлек пункттер салу, сұрыптау жүйелерін дамыту (Ақсу–Жаңа-Семей, Алтынкөл–Жетіген, Қызылжар–Сексеуіл, Қандыағаш–Тобыл, Шалқар учаскелері бойынша – Бейнеу, Бейнеу–Маңғыстау және Никельтау–Әлімбет) т.б. бар. Жоба барысында Жезқазған, Сексеуіл, Шалқар, Бейнеу, Жаңа-Семей, Алтынкөл, Қандыағаш, Никельтау – 8 ірі тораптық станцияны жаңғырту да көзделеді. Жұмыстарды жүргізу кестесіне сәйкес іске қосу жұмыстары учаскелердің 33%-ында аяқталды. Бұдан басқа тасымалдың өсуін ескере отырып, 2030 жылға дейін бекітілген бағдарламалар арқылы 184 станция мен 9 сұрыптау жүйесін дамыту жоспарлануда, оның ішінде 40 жоба жүзеге асырылды және 24 жоба бойынша жұмыс істеліп жатыр.

Инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуына байланысты локомотив паркін жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. 2010 жылы Alstomмен («ЭКЗ» ЖШС) жасалған келісімшарт шеңберінде 2026-2028 жылдары 97 локомотив, оның ішінде 84 жүк және 13 жолаушы электровозын жеткізу көзделген, бүгінде 21 локомотив жеткізілді, оның ішінде 13 жүк және 8 жолаушы электровозы. Бұдан басқа 2025 жылы жасалған келісімшартқа сәйкес 2029-2036 жылдар кезеңінде 205 алты осьті электровоз жеткізу жоспарда бар. 2016 жылы жасалған Wabtec («ЛКЗ» АҚ) келісімшартының шеңберінде 2026 жылдың соңына дейін 64 локомотив, оның ішінде 53 жүк және 11 жолаушылар тепловозын жеткізу жоспарлануда. 14 жүк тепловозы жеткізілді. Сондай-ақ 2025 жылы жасалған келісімшартқа сәйкес 2027-2036 жылдар аралығында 300 тепловоз жеткізу көзделген.  

– Тасымалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қандай қадамдар жасалуда?  

– Теміржолдағы жүк тасымалының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бүгінде үш негізгі бағыт бойынша шаралар кешені іске асырылуда: жылжымалы құрамды жаңарту, тиеу жоспарын орындауды қамтамасыз ету және жүк және коммерциялық жұмысты цифрландыру.  

Біріншіден, локомотив және вагон паркі белсенді түрде жаңартылуда. Жаңа локомотивтер тасымалдау процесінің сенімділігін арттыруға, техниканың істен шығу санын азайтуға және жүктердің уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тек 2026 жылы ғана ЖШС паркі түрлі сериялы ондаған жаңа локомотивтермен толықтырылды, сондай-ақ тартқыш жылжымалы құрамды жаңғыртудың ұзақ мерзімді бағдарламалары іске асырылуда.  

Екіншіден, тиеу жоспарын орындауға және желінің өткізу қабілетін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Ол үшін инфрақұрылым жаңғыртылып, қосымша жолдар мен разъездер салынып, станциялық қуаттар кеңейтілуде.  

Үшіншіден, маңызды бағыт – жүк және коммерциялық жұмысты автоматтандыру. Тасымалдауды жоспарлаудың, вагон паркін басқарудың және тасымалдаулар үшін есеп айырысудың автоматтандырылған жүйелері енгізілуде.  

Тұтастай алғанда, саланың міндеті – тасымалдау процесінің сенімділігін, тиеу жоспарының уақытылы орындалуын, экспорттық және транзиттік тасымалдардың одан әрі өсуін және заманауи технологиялар мен өндірістік активтерді жаңарту есебінен клиенттер үшін сервис сапасын арттыруды қамтамасыз ету.  

– Бүгінгі таңда «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС қандай даму бағыттарына басымдық береді?  

– Теміржолдағы жүк тасымалын дамытудың басым бағыттары компанияның стратегиялық мақсаттарымен айқындалады. Бірінші бағыт – қызметтің тиімділігін арттыру. Бұл тасымалдау процесін оңтайландыруды, уақыттың өндірістік емес ысыраптарын азайтуды, локомотив пен вагон паркінің өнімділігін арттыруды, тиеу-түсіру жоспарларын орындауды, сондай-ақ қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану кезінде тасымалдау көлемінің өсуін көздейді.  

Екінші бағыт – клиентке бағдарлану. Бүгінде жүк жөнелтушілер сапалы тасымалдауды ғана емес, сонымен қатар сервистің жоғары деңгейін де күтуде. Сондықтан клиенттермен өзара іс-қимыл сапасын арттыру, тасымалдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, жүктерді жеткізу мерзімдерін сақтау және тапсырыс берушілер үшін ыңғайлы сервистерді әзірлеу – маңызды міндеттер.  

Үшінші бағыт – цифрландыру. Салада заманауи цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде, тасымалдауды жоспарлау, тасымалдау құжаттарын ресімдеу, вагон паркін басқару және клиенттермен өзара іс-қимыл процестері автоматтандырылуда. Цифрландыру шешім қабылдаудың жеделдігін және тасымалдау процесін басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.  

Төртінші бағыт – ESG принциптерін енгізу. Экологиялық жауапкершілік, әлеуметтік саясат және корпоративтік басқару мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұған қоршаған ортаға теріс әсерді азайту, кадрлық әлеуетті дамыту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және басқару процестерінің ашықтығын арттыру кіреді.  

Бесінші бағыт – пойыздар қозғалысы мен еңбекті қорғаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қауіпсіздік теміржол саласының сөзсіз басымдығы болып қала береді. Ол үшін қауіпсіздікті басқару жүйесі жетілдірілуде, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, бақылаудың заманауи технологиялары енгізілуде және өндірістік тәртіп деңгейі артуда. Қауіпсіздік мәдениетін дамыту және еңбекті қорғау талаптарын сақтау арқылы қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау да маңызды міндет.  

 

Инфрақұрылым
30.07.2026
Құрық портындағы жаңғырту: өткізу қабілеті өсті
Жаңалықтар
30.07.2026
ҚР мен ҚХР шекаралық темір жолдарының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс кеңесі өтті
Жаңалықтар
30.07.2026
ҚТЖ Бас есептеу орталығында жастардың сала ардагерлерімен кездесуі өтті
Аймақтар
30.07.2026
Атырау облысында үш теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
29.07.2026
Алматы облысында Шамалған және Қазыбек бек вокзалдарын жаңарту аяқталды
Аймақтар
29.07.2026
Қостанай облысында ескі ғимаратты бөлшектегеннен кейін Железорудная станциясының жаңа вокзалы ашылды
Аймақтар
29.07.2026
Қарағанды облысында екі вокзалды қайта жаңарту аяқталды
Аймақтар
29.07.2026
Қызылорда облысында Сексеуіл вокзалы жаңартылды
Әлемде
29.07.2026
Тәжікстан, Иран және Ауғанстан жүк транзиті үшін жаңа көлік дәлізін құрып жатыр
Жаңалықтар
29.07.2026
ҚТЖ-да қозғалыс қауіпсіздігін бұзу 5%-ға төмендеді
Жүк тасымалы
28.07.2026
Екібастұздан Ұлыбританияға: ҚТЖ қазақстандық тыңайтқыштарға жаңа экспорттық маршрут ашты
Жаңалықтар
28.07.2026
ҚТЖ локомотив паркін жоспарлы түрде жаңартуда
Аймақтар
28.07.2026
Маңғыстау станциясында «Қауіпсіз теміржол өткелі» акциясы өтті
ҚТЖ келбеті
28.07.2026
Шулық теміржолшылар апаттың алдын алды
Әлеумет
28.07.2026
«Үміт» пойызы іске қосылды
Қауіпсіздік
28.07.2026
Ақтөбеде теміржол өткеліндегі қауіпсіздік мәдениеті тексерілді
Аймақтар
28.07.2026
Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінде екі автотрансформатор пункті салынды
Қауіпсіздік
28.07.2026
Заң мен тәртіп: Болашақ жүргізушілерге теміржол өткеліндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Қауіпсіздік
28.07.2026
Қарапайым ережені сақтайық
Жолаушылар тасымалы
28.07.2026
Пойыздағы санитарлық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?