Қазақстанда астық тасымалы 13-ға өсті%
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз логистика мен тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Rail-news.kz.
«Жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын. Бүгінде 16,9 мың астық вагоны, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда қосымша мүмкіндік те бар», – деді Жәнібек Тайжанов.
Вице-министрдің мәліметінше, биыл 8 айда теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Оның ішінде экспортқа 7,2 млн тонна, ел ішінде 2,1 млн тонна тасымалданды.
Негізгі бағыттар бойынша өсім бар.
Орталық Азия елдеріне тасымал 37%-ға,
Қытайға 34%-ға,
Ресей порттары арқылы тасымал 9%-ға,
Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті.