Еліміздегі ЖЭО-ларға 41 мың вагон көмір тасымалданды
«Қазтеміртранс» АҚ («ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымы) 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде көмірді үздіксіз жеткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Отын жылу электр орталықтарына (ЖЭО), коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға, өнеркәсіптік кәсіпорындарға, сондай-ақ экспортқа бағытталуда.
Бүгінгі таңда жоспар бойынша 49 мыңға жуық вагонның орнына 41 мыңнан астам вагон көмір тасымалданды. Жоспардың жалпы орындалуы шамамен 94% құрайды, ал жөнелтушілер бас тартқан вагондарды қоса есептегенде шамамен 97%.
Тасымалдаудың негізгі көлемі дәстүрлі түрде тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне бағдарланған. ЖЭО тарапына 24 мыңнан астам вагон жеткізілді, бұл жоспардың 96% астамын құрайды. Тұрғындардыңкоммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін 7 мыңнан астам вагон жөнелтілді – бұл кестені жоспарлы көрсеткіштерден озып орындауға мүмкіндік береді.
«Богатырь Көмір» ЖШС-ның жеткізуі
Екібастұз II және Екібастұз III станцияларынан жылу энергетикасы кәсіпорындары үшін тасымалдардың едәуір үлесін «Богатырь Көмір» ЖШС-ның көмір жеткізуі құрайды. Қазіргі уақытта компанияның 13,6 мыңнан астам вагоны тасымалданды. Жоспар шамамен 92% орындалды, бас тартылған вагондарды ескергенде – шамамен 93%.
Экспорттық бағыттар
«Қазтеміртранс» АҚ отандық жүк жөнелтушілерге сыртқы нарықтарға қатты отын жеткізуде де жәрдемдеседі. Экспортқа 3,5 мыңнан астам көмір вагоны жөнелтілді, жоспардың орындалуы шамамен 68%. Компания экспорттаушылармен бірлесіп жөнелту қарқынын арттыру бойынша жұмыс істеуде.
Тасымалдау процесінің біркелкі және отынның түпкі тұтынушыларға уақтылы келуін қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранс» АҚ тиеу, көмір маршруттарын қалыптастыру мен ілгерілету бойынша тәулік бойы мониторингті жүзеге асырады.