Бір ғана Қызылордаға 108 вагон көмір жеткізілді
Қызылорда облысы бойынша меншікті тілші
Қызылорда облысының тұрғындарын, бюджеттік мекемелер мен салалық кәсіпорындарды алдағы қыс маусымына қажетті көмір отынымен қамтамасыз ету өңірдегі аса жауапты науқандардың біріне айналды.
Жүк тасымалы бөлімшесі бастығының логистика бойынша орынбасары Мейрамбек Шолтабаевтың тікелей басшылығымен көмір тасымалы сауатты жоспарланып, жүйелі жүзеге асыруда. Оның ұсынған мәліметтері аймақтың барлық аудандық станцияларына жоспар бойынша көмір өнімінің кідіріссіз жеткізіліп, отын қоймаларына үздіксіз үлестіріліп жатқанын көрсетеді.
Қыркүйек айының екі онкүндігіндегі ресми деректерге сүйенсек, аймақ бойындағы станцияларға көмір отынының тасымалы аудандар бойынша мынадай сипатта болып отыр: Арал теңізі және Қазалы станцияларында «Олжас 2005», «Нұрайжан», «Тоғыс Арал отын», «Жалмағанбетова», «Зару» секілді жекеменшік мекемелер көмір тарату жұмысымен қарқынды айналысуда. Қазіргі таңда Арал станциясы бойынша 11 вагон немесе 759 тонна, ал Қазалы станциясы бойынша 29 вагонмен 2001 тонна көмір қоймаларға жеткізілген.
Қармақшы ауданындағы жергілікті көмір қоймаларына 24 вагонмен 1656 тонна отынды «Калиев» және «Олжас 2005» серіктестіктері түсірді. Жалағаш станциясындағы көмір қоймасына 3 вагонмен 207 тонна көмірді «Дүйсебаев» қожалығы жеткізсе, Төретамға 3 вагонмен 207 тонна көмірді «Оте-Бек» мекемесі әкелген.
Сондай-ақ Тереңөзек станциясына «Углесбыт» серіктестігі 5 вагонда 345 тонна отын жеткізсе, облыс орталығындағы Қызылорда станциясына «VIP-M» серіктестігі 108 вагонмен 7452 тонна көмір тасымалдаған. Көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары өңірдің оңтүстігіндегі Шиелі және Жаңақорған аудандарында да осы ретпен тұрақты жүргізіліп, отын қоймаларына көмір отыны түсіріліп жатыр.
Тек тұрғындар емес, техникалық қажеттілікке сай НЖС, ПЧ, ШЧ, «Қамқор-Локомотив», «Вагонсервис» секілді салалық мекемелер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта 4 вагонмен 276 тонна көмір түсіріліп, қосымша 3 вагонмен 207 тонна көмірді тасымалдау үдерісі қарқынды жүзеге асуда.
Бүгінгі таңда телімдерге таратылып жатқан көмір Шұбаркөл, Майкөбен, Қаражыра және Қияқты кен орындарынан келіп түсуде. Әсіресе сапасы жоғары болуына байланысты Қызылжар станциясынан тиелетін Шұбаркөл көміріне сұраныс жоғары.
– Біз үшін қыс маусымына дайындық – ең жауапты науқан. Теміржол арқылы тасымалданатын әрбір тонна көмірдің уақтылы, қауіпсіз әрі кестеге сай жеткізілуі барлық бөлімше қызметкерлерінің үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Логистикалық тізбекті дұрыс құру арқылы вагондардың бос тұрып қалуына жол бермей, әрбір ауданның сұранысын толық өтеуге күш салып жатырмыз. Көмір тасымалында кедергі болмауы қажет, – дейді Қызылорда-ЖТ бөлімшесі басшысының орынбасары Мейрамбек Шолтабаев.