«Жас үздік маман» байқауы мәреге жетті
Теміржол саласындағы жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған «Жас үздік маман» байқауының республикалық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.
Астана қаласында 8-9 қазан күндері өткен іс-шара 35 жасқа дейінгі елуден астам теміржолшыны жинап, кәсібилік пен шеберлік тоғысқан алаңға айналды. Жол жөндеушілер, өрт сөндірушілер, пойыз диспетчерлері, машинист көмекшілері мен жолаушылар вагонының жолсеріктері арасынан ең үздіктер тестілеу мен практикалық тапсырма орындау арқылы анықталды. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – теміржол саласындағы жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау, олардың қоғамдағы беделін арттыру және жастарға түрлі кәсіби бағыттардың қыр-сырын таныту. Сонымен қатар сайыс жас мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби мүмкіндіктерін көрсетуіне және біліктілігін шыңдауына жол ашады.
Республикалық кезеңге өңірлік іріктеулер нәтижесінде 52 маман жолдама алып, екі күнге созылған байқау барысында олар теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетті. Алғашқы күні үміткерлер тестілеуден өтсе, екінші күні өз мамандықтарына сәйкес практикалық тапсырмаларды орындады. Әр мамандық бойынша қатысушылар тиісті өндірістік алаңдарда сынға түсіп, кәсіби шеберліктерін дәлелдеді.
Байқау қорытындысын арнайы құрылған комиссия бағалап, қатысушылардың білім деңгейі мен тапсырмаларды орындау сапасына назар аударды. Жеңімпаздарға жүлделі орындарына сәйкес ақшалай сыйақылар табысталды. Атап айтқанда, үшінші орын иегерлеріне 60 АЕК (259 500 теңге), екінші орын иегерлеріне 80 АЕК (346 000 теңге), ал бірінші орын алған мамандарға 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде сыйақы қарастырылды. 52 үміткер арасынан 15 жас маман жүлдегер атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер желтоқсан айында өтетін XV Республикалық жастар форумына жолдама алды.
Бағдина СЕКЕРБЕК