«ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша биыл 572,7 км жол күрделі жөндеуден өтті. Еліміздің барлық өңірлерінде жүргізілген бұл жөндеу түрінің жылдық жоспары толық көлемде әрі кестеге сай орындалды.

Сонымен, солтүстік өңірде 285,82 км жол, оңтүстікте – 167,59 км, батыста 119,34 км жол күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша рең алды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы теміржол инфрақұрылымын жаңартуға, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ темір жолдың сенімділігі мен беріктігін қамтамасыз етуге бағытталған.  

«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы Жолды күрделі жөндеу департаментінің бас менеджері Ұлан Бекеновтің айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары еліміздің солтүстік, оңтүстік және батыс өңірлеріндегі 44 теміржол телімінде арнайы технологиялық «толаскездер» ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылған.  

– Солтүстік өңір бойынша Уголки – Қарағай, Құсмұрын – Қойбағар, Ерейментау – Қоржынкөл, Ақадыр – Доңғал, Қарабас – Құлайғыр және Аягөз – №22 разъезд аралықтарында теміржол жолдары жаңартылса, оңтүстік өңірде Алматы, Жамбыл, Шымкент және Қызылорда магистральдық желі бөлімшелеріне қарасты Үштөбе – Қалпе, Мыңарал – Қайраткөл, Шеңгелді – Жылға, Шағыр – Монтайтас, Төменарық – Жаңақорған, Сауран – Шорнақ және Төретам – Диірментөбе аралықтарында күрделі жөндеу жүргізілді. Батыс өңірінде Никельтау – Жем, Бейнеу – Тоқмақсай және Құныс – Жем аралықтарында теміржол инфрақұрылымы жаңа келбетке ие болды. Күрделі жөндеу барысында рельс-шпал торлары ауыстырылып, жолдың жоғарғы құрылымын жаңарту, балласт қабатын қалпына келтіру, теміржол жолын түзету және тұрақтандыру жұмыстары атқарылды, – дейді Ұлан Бекенов.  

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі мен сенімділігі артып, темір жолда ақаулардың туындау қаупі төмендеген, сонымен қатар пойыздар қозғалысына қойылған жылдамдық шектеулерін алып тастауға жағдай жасалған. Сондай-ақ теміржол телімдерінің өткізу қабілетін арттыруға және жолдың жоғарғы құрылымы элементтерінің пайдалану мерзімін ұзартуға негіз қаланып, ағымдық күтіп ұстау шығындарын азайтуға алғышарт жасалған.