Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара ынтымақтасты арттырып, байланысын нығайтуда кәсіподақ комитеті қызметкерлерінің рөлі зор. Сол қызметті сан жылдар бойы атқарып жүрген кәсіподақшылар ҚТЖ-ның еншілес ұйымдарында баршылық. Солардың бірі – «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалының жетекші аудармашысы Гуля Омарова.
Жақында мерейлі 60 жасқа толған кейіпкеріміз, отыз сегіз жылдық еңбек жолын теміржолға, соның ішінде 25 жылын кәсіподақ саласына қызмет етуге арнаған. Ол Павлодар облысы, Ермак ауданы, Грязнов ауылында туған. 1987 жылы сол кездегі Целиноград инженерлік-құрылыс институтын тәмамдап, Целиноград қаласының жобалау институтында смета бөлімінің инженері болып еңбек жолын бастайды. 1987-1997 жылдары аталған оқу орнында оқытушы, кафедра инженері қызметін атқарады. Кәсіби қызметіне орай 2000-2002 Көкшетау біліктілікті арттыру институтында орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні оқытушысы мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Институтта жұмыс істеп жүріп қосымша теміржол саласында, яғни ӘТЖК-де қарауыл басшысының көмекшісі болып еңбек етеді. 1997 жылы «Вагонсервис» ЖШС-не аудармашы болып кірді. Қосымша босатылмаған кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметін де атқаруда. Кәсіподақ жетекшісі жоғары білікті адам болуы керек екенін түсінетін оған ұжымдық шартты дайындауда, маңызды құжаттарды келісуде алған құқықтық білімі көмек болды. Білімін шыңдап жүретін ол кейін медиация, көшбасшылық сияқты курстардан өтті.

– Біздің кәсіподақ комитеті кәсіпорын басшылығымен бірлесіп филиал қызметкерлері арасында қызметті жетілдіру, еңбек тәртібін күшейту, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының көлемін ұлғайту және т.б. бойынша мақсатты жұмыс жүргізеді. Ұжымдық шарт деңгейінде барлық құқықтық көмек көрсетіп және әлеуметтік кепілдіктердің берілуін орындап келеміз, – деп атап өтті Гуля Омарова.
Кәсіподақ ұйымының бастамасымен және басшылықтың қолдауымен аталған кәсіпорында шағын жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы ашылған. Оған ардагерлер материалдар, кітаптар, альбомдар, тарихи құжаттар жинауға белсенділік танытқан. Әр жылдары кәсіпорынды басқарған басшы-директорлардың фотосуреттері жинақталған. Қазір мұражай түрлі экспонаттармен толықтырылыпты.
– Филиалымыздың жас қызметкерлерімен де жиі жұмыс жасаймыз. Түрлі тақырыптарда пікірталас, кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз. Біз жастарымыздың патриоттық рухын қалыптастыруға көмектесеміз. Еңбекті қорғаудың қоғамдық инспекторлары жас мамандармен жұмыс орнындағы еңбек шарттарын сақтау қажеттігі туралы жиі кездеседі және экстремальді жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі туралы әңгімелейді, – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Гуля Омарованың ұлы Рустам теміржол саласында еңбек етеді, жолдасы Сәлімгерей Мұқашев – бұрынғы теміржолшы. 2016 жылы «Еңбек жолы» республикалық байқауының Астана қаласы бойынша іріктеу финалында теміржолшылар династиясы үшінші орынды иеленді. Бір айта кетерлігі, оның туған ауылына атасының фамилиясы беріліп, бүгінде ол М.Омаров ауылы аталады.