Кәсіподақтың жаңадан сайланған бастауыш ұйымдары төрағаларының кәсіби құзыреттілігін арттыру және ұйымдастырушылық жұмысын жетілдіру мақсатында оқыту семинары өтті.

Семинар екі кезеңнен тұрды. 2-3 қарашада өткен бірінші кезеңде Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының, сондай-ақ Өскемен және Абай өңірлерінің өкілдері қатысты. Ал 5-6 қарашада өткен екінші кезеңде Астана қаласы, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласының өкілдері оқытылды. Екі кезеңдегі семинардың жұмысын кәсіподақ төрағасы Оразғали Ахметбаев құттықтау сөзімен ашты. Ол өз сөзінде кәсіподақ көшбасшыларын жүйелі түрде оқытудың, олардың кәсіби біліктілігін арттырудың және жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғаудың маңыздылығын атап өтті.  

Қарашаның екісі және бесі күнгі семинар сабақтарын Кәсіподақтың орталық аппаратының мамандары өткізді. Қатысушылар Кәсіподақтың құрылтай және нормативтік құжаттарымен, бастауыш ұйымдарда іс жүргізу талаптарымен, кадрлық құжаттаманы рәсімдеу тәртібімен, сондай-ақ Кәсіподақ қызметіндегі гендерлік және жастар саясатын іске асыру мәселелерімен танысты. Сонымен қатар әлеуметтікэкономикалық және құқықтық мәселелерге, ұжымдық шарттың негізгі ережелерін түсіндіруге және бастауыш ұйым төрағаларының күнделікті қызметінде кездесетін өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Ал 3 мен 6 қараша күндері сырттан шақырылған лекторлардың қатысуымен «Кәсіподақ көшбасшысының эмоционалдық интеллектісі және коммуникация дағдылары» тақырыбында арнайы семинар өткізілді.  

– Бүгінде кәсіподақ көшбасшысының тиімді қызметі тек еңбек заңнамасы мен нормативтік базаны білумен ғана шектелмейді, сонымен қатар коммуникациялық машықтардың да жоғары деңгейін қажет етеді. Осы ретте бұл семинарда әр басшының өз эмоциясын басқара алуы, кәсіподақ мүшелерінің эмоционалдық жағдайын тани білуі, жанжалсыз қарым-қатынас құру және келіссөздер жүргізудің озық әдістерін меңгеруі бағытында теориялық білім берілді. Кәсіподақ қызметіндегі кейбір күрделі жағдайларға байланысты саланың нағыз мамандарымен терең талдау жүргізу, тренингтер мен ойындар өткізудің арқасында алдағы жұмыс үдерісінде аса қажет мол тәжірибе жинадық, – дейді Павлодар локомотив пайдалану депосының өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы және депоның цехтық кәсіподақ комитетінің төрағасы Азамат Әбдіханов.  

Тақырып аясында кәсіподақ жетекшісінің қызметіндегі эмоционалдық интеллектінің маңызы, тиімді қарым-қатынас орнату әдістері, еңбек ұжымымен өзара іс-қимыл жасау дағдылары және жанжалды жағдайларды сындарлы түрде шешу жолдары қарастырылды. Өткізілген семинар жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары үшін жаңа білім мен тәжірибе алмасуға, көшбасшылық қабілеттері мен кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.