Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған «Қауіпсіздік – талаптан емес, санадан басталады!» атты семинар ұйымдастырылды.

Барлық құрылымдық мекемелерден елу шақты адам қатысқан семинарда қызметкердің өмірі мен денсаулығын қорғау, жазатайым оқиғаларды болдырмау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін арттыру сынды мәселелер талқыланды.  

Семинарда бөлімшенің еңбек қауіпсіздігі және экология бөлімі инженері Қайрат Қанатбаев пен ЭЧ-5 Маңғыстаудың еңбек қауіпсіздігі және экология бөлімінің инженері Сағатбек Өмірзақов спикерлік етті. Олар өндірістік жұмыстарды бастамас бұрын жұмыс орнындағы ықтимал қауіптерді анықтаудың, қажетті қорғаныс шараларын белгілеудің және құжаттамаларды талапқа сай рәсімдеудің маңыздылығына тоқталды. Әсіресе темір жолда, электр қондырғыларында және басқа да қауіпті аймақтарда жұмыс жүргізу кезіндегі қауіпсіздік талаптарына ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.  

– Қауіпсіз еңбек – өндірістік жұмыста әр маманның өзі ісіне жоғары жауапкершілікпен қарауынан басталады. Яғни әр адам мұны түйсігінде түйіп, санасынан шығармау керек. Бұл кездесудің басты мақсаты да сол – қызметкерлердің біліктілігін арттыру арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу, жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау жауапкершілігін жоғарылату, – деп атап өтті Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің еңбек қауіпсіздігі және экология бөлімі инженері Қайрат Қанатбаев.  

Ал өндірістік оқыту шебері Өтебай Сұлтан жұмыс барысында туындауы ықтимал қауіп-қатерлер туралы баяндап, қауіпті жағдайларға мысалдар келтіріп, олардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ әрбір қызметкерді өзінің және әріптестерінің өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Басқосу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.