Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміз бойынша жүзден аса теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп, бірінен соң бірі пайдалануға берілуде. Республика күні қарсаңында Құлсары станциясында еңселі де көрікті вокзал жолаушыларға есігін айқара ашты.
Жаңа нысанның жалпы көлемі 846 шаршы метрді құрайды. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және оларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Вокзал аумағында кең күту залы, билет кассалары, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, сондай-ақ жүк сақтау камерасы және санитарлық бөлмелер бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де толықтай кедергісіз орта жасалған.
Вокзалдың іргелес аумағы да абаттандырылды. Мұнда перрон жабдықталып, автотұрақ қарастырылған, жарықтандыру және бейнебақылау жүйелері және тегін Wi-Fi орнатылған. Құлсары станциясы арқылы күн сайын қалааралық, облысаралық және халықаралық транзиттік бағыттағы 10 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Вокзал тәулігіне 300-ден астам адамға қызмет көрсетеді.
Жаңа вокзалдың ашылуы Құлсары тұрғындары үшін маңызды оқиға әрі өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту жолындағы елеулі қадам болды. Заманауи кешен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, сапарлардың жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Атырау магистральдық желі бөлімшесінің вокзал шаруашылығы бойынша бөлім бастығы Гүлдана Кибитованың айтуынша, жоба «Исткомтранс» көлік-логистикалық компаниясының қаражаты есебінен жүзеге асырып, құрылыс аяқталғаннан кейін вокзал Құлсары қалалық әкімдігі балансына берілді.