Қазақстан – Ресей: ынтымақтастық нығаюда

Жаңалықтар
07.10.2016, 10:01
   Сейсенбі, 4 қазан күні Астанада өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XIII форумына  Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты. Форум шеңберінде жалпы сомасы 3 млрд АҚШ долларын құрайтын 56 екіжақты құжатқа қол қойылды. – Құрметті форумға қатысушылар! Сіздермен Астана төрінде қауышып отырғанымызға қуаныштымыз. Екі ел қай жағынан да жақын. Біз түрлі бағытта ынтымақтастамыз. Бүгінгі форумға Ресейдің бүкіл аумағынан 400-ге жуық өкіл қатысып отыр екен. Олар қазақстандық бизнесмендермен бірлесе жұмыс істеу жайын талқылап, түрлі құжатқа қол қойды. Ресей Қазақстан үшін стратегиялық серіктес және саясат, сауда-экономикалық байланыстар сияқты маңызды мәселелерде одақтас. Бізде қазір 6 мыңнан астам Ресей мен Қазақстанның бірлескен кәсіпорындарды жұмыс істеуде. Көптеген екі жақты инвестициялық жобалар жүзеге асуда, – деген Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде 20 млрд долларды құрайтын 60 жоба бар екенін, оларды жүзеге асыруға Қазақстан тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың үлкен тәжірибесі жинақталғанын және оны әрмен қарай кеңейтуге мол мүмкіндік барын атап өтті. «Біз Біртұтас экономикалық кеңістікте жұмыс істейміз. Кедендік одақтан толыққанды аймақтық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Қазақстан, Ресей және Беларусь бастамасымен құрылған одақ құрамына бүгінде бес ел кіреді. Вьетнаммен еркін саудаға келісім жасалған, ҚХР және Оңтүстік Кореямен келіссөздер жүргізілуде, жақында Сингапур тілек білдіріп, біздің одаққа еркін сауда ашты. ЕЭО-мен ынтымақтастық орнатуға Үндістан, Египет, Иран тағы басқа мемлекетттер ықылас танытып отыр» – деді ҚР Президенті. Өз кезегінде Ресей Федерациясының президенті, Ресей екі елдің іскерлік қауымдастық көмегімен, бұдан әрмен қарай Қазақстанмен тығыз байланыста өзара әрекет етуге мүдделі екенін, сондай-ақ, өзара сауданы қарқынды дамытып, молайтуға күш салатынын  жеткізді.   «Біз екі елдің ұлттық экономикасын тұрақты дамытуға және біздің азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға, бірлесе жұмыс істесек, сөзсіз табысқа жетеміз» деді Владимир Путин. Өңіраралық ынтымақтастық XIII форумы шеңберінде Елбасының қатысуымен өткен пленарлық отырыс Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналып, оған екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы осындай форматтағы жыл сайынғы кездесулердің екі жақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті. – Бүгін біз күн тәртібіне көлік пен логистиканың өзекті мәселелерін шығарып отырмыз. Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік – олардың аумағының кеңдігі мен географиялық орны. Осыны бәсекелік тұрғыдағы артықшылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс, – деген Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты. – Экономикалық саясатымызды үйлестіру қажеттігі туралы таяуда өткен G20 саммитінде де айтылды. Дәл осы іс-шарада біздің «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламамыз бен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасын ұштастыру жоспарына қол қойылғаны да бекер емес. Біз жобаларды Ресеймен бірлесе жүзеге асырғанымыз дұрыс болар еді. Ол сондай-ақ, еліміз жүзеге асырған, халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. – Бірін бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді. Соның барлығы халықаралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс, – деген Нұрсұлтан Назарбаев, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды. – Жүк тасымалының, ең алдымен транзиттің көлемін түбегейлі өзгерту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру керек, өзара сауда-саттық барысында рәсімдердің барынша жариялылығы мен рәсімдеудің жеңіл болуы қажет. Сондай-ақ Ресейдің көлік инфрақұрылымына қолжетімділік мәселесі де қозғалды. Осыған байланысты, тиісті мемлекеттік органдардың аталған мәселелерді өзара тиімді негізде шешкені маңызды, – деді ҚР  Президенті. Ал Владимир Путин құттықтау сөзінде Ресейдің Қазақстанмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін айтты. – Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнеркәсіпте, энергетикада,ауыл шаруашылығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз. Технологиялық кооперацияны тереңдетіп, ортақ көлік инфрақұрылымын салып, нығайтудамыз. Екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарады, – дей келе Ресей Президенті көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігін атап өтті. – Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқан. Бізде ортақ кедендік шекара бар және теміржол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Сонымен бірге, Ресей Президенті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды. Форум аясында Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Еуразиялық кеңістіктегі көлік-логистикалық даму әлеуеті бағдарламасының тұсауын кесті. ЕЭО көлік кеңістігінің транзиттік әлеуетін дамыту болашағы туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев пен «РТЖ» ААҚ президенті Олег Белозеров баяндады. ЕЭО көлік кеңістігі Еуразиялық құрлықтың 40% аумағын қамтитын Еуропа мен Азия «көпірі» қызметін атқаратын ғаламдық нарықтағы ойыншыға айналып келеді. Негізгі тауарлар Еуразиялық құрлыққа теңіз көлігімен жеткізіледі. Қазіргі таңда трансқұрлықтық құрғақ жер арқылы тасымалдауға сұраныс зерттеліп, жасақталуда. Осыған байланысты Қазақстан, Ресей, Белорусь елдері контейнерлік тасымал көлемін өсіру шараларын қолға алуда. Қазіргі таңда еуразиялық темір жол желісі жүктерді Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағдарында оңтайлы ұйымдастыруды қамтамасыз етуде. Ол үшін көлік дәліздерінің инфрақұрылымы жасақталуда. Шекаралық және теңіз порттарының өткелдері кеңейтілуде. Терминальдық- логистикалық орталықтардың тірек желілері құрылуда. –ЕЭО кеңістігі аясында ықпалдасудың алғашқы бизнес жобасы ретінде құрылған  БКЛК (Бірлескен көлік логистикалық компаниясы) өзінің алғашқы нақты жұмыс нәтижелерін  көрсетуде. БКЛК – Ресей мен Қазақстанның көлік инфрақұрылымы мен логистикалық технологиясын дамытуға оң ықпал етіп отыр, – деді Олег Белозеров. Қазақстанның көлік логистикалық кешенінің ЕЭО көлік әлеуетін дамытудағы рөліне тоқтаған «ҚТЖ»ҰК»АҚ президенті Қанат Алпысбаев, елімізде көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстары, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырылу барысы, Еуразиялық құрлықтағы жүк ағынын шоғырландырудың логистикалық орталықтарының тізбек желілерін жасақтау жайы туралы баяндап берді. – Ляньюнган портындағы қазақстан-қытай терминалы, Орта Азиядағы ірі Қорғас құрғақ порты маңызды логистикалық орталықтар болып саналады. Ресейлік серіктестермен бірлесе отырып, Мәскеу облысының Домодедов ауданында 2024 жылдарға 400 мың контейнерге дейін өңдей алатын ірі көлік хабын құру жоспарланып отыр. Еуразиялық құрлықта көлік логистикалық орталықтар желісінің тірек бекеттерін жасақтау – оның барлық (Иран, Қытай, Еуропа) қатысушы серіктестеріне мол табыс әкеледі. Біз ЕЭО аясында өзара синхронды және ашық келісімді түрде жаңа механизмдерді бірлесе іске қосу арқылы көлік инфрақұрылымының «өткізуі қиын» тұстарындағы кедергілерді жойып, дәліздің өткізу қабілетін барынша көтере аламыз. Қазақстан мен Ресей темір жолдарының серіктестігі – өзара ықпалдасудың жарқын мысалы. Осы табысты ықпалдасудың арқасында біздің еліміз әлемдік көлік индустриясында өзіне қолайлы жаңа белестерді бағындыруда,– деп түйіндейді сөзін ҚТЖ басшысы. Форум аясында «ҚТЖ» ҰК»АҚ президенті мен «COALCO Development» компаниясы президенті Василий Анисимовпен Мәскеу облысы Домодедов қалалық аймағында «Орталық құрғақ порт» инфрақұрылымдық жобасын жүзеге асыру туралы Келісімге қол қойды.    

Сұлугүл Бакесова

       
Жаңалықтар
24.06.2026
Көлік полицейлері «Нұрлы жол» вокзалында мерекелік концерт ұйымдастырды
Әлеумет
24.06.2026
Семейлік теміржолшылардың балалары Бурабайға жол тартты
Жүк тасымалы
24.06.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті
Жаңалықтар
24.06.2026
Мемлекет басшысының Бельгияға сапары аясында көлік саласында жаңа келісімдер жасалды
Жаңалықтар
24.06.2026
Ақтау порты 7 метрге дейін тереңдетіледі
Әлеумет
23.06.2026
Ұжымдық шарт игілігі: Теміржолшылар демалыс кезінде шипажайларға жеңілдікпен жолдама алады
Аймақтар
23.06.2026
Сыр өңірінде жүк тасымалы жаңа деңгейге көтерілді
ҚТЖ келбеті
23.06.2026
Семейлік инженер халықаралық тәжірибе жинақтады
Станция тынысы
23.06.2026
Махаббат станциясы
Спорт
23.06.2026
Қызылордалық теміржолшылар ракетка шеберлерін анықтады
Спорт
23.06.2026
Жамбылдық теміржолшылар бильярдтан Кәсіподақ кубогін сарапқа салды
Жаңалықтар / Мұрағат
23.06.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №48 23 маусым 2026 жыл
Жаңалықтар
22.06.2026
Қазақстанның көлік саласына инвестициялар
Жаңалықтар
22.06.2026
Брюссельде Еуропа мен Азия арасындағы негізгі маршруттың болашағы талқылануда
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚМГ мен ҚТЖ мұнай өнімдерінің логистикасына цифрлық бақылау енгізді
Инфрақұрылым
22.06.2026
Талдықорған теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
22.06.2026
ҚТЖ халықаралық көлік дәліздері үшін LTE-R бірыңғай цифрлық желісін құрады
Қауіпсіздік
22.06.2026
Теміржолшылар төтенше жағдайға қаншалықты дайын?
ҚТЖ келбеті
22.06.2026
Түлкібастық инженердің жобасы миллиондаған қаражатты үнемдеді
Жүк тасымалы / Апта саны / Инфографика
22.06.2026
ҚТЖ желісімен 130 млн тоннадан астам жүк тасымалданды