Қытай тарапы Қазақстанға бағытталған теміржол құрамдарының санын арттыруға және қазақстандық тарапта тұрып қалған жүктерді қабылдауға ниетін білдірді. Осылай, Қазақстан мен Қытай мүдделі мемлекеттік органдары арасында COVID-19 жағдайында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмыс істеуі туралы келіссөздер нәтижесін беруде деуге болады. Ағымдағы жылдың 11 қарашасында өткен келіссөзде тараптар көліктік-коммуникациялық өзара байланысты және аймақаралық байланыстарды нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапасын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған бұрын жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды ұстанатындықтарын растады. Нәтижесінде тараптар Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының автомобиль және теміржол өткізу бекеттерінде өткізу қабілетін арттыру, автокөлік құралдары мен жүктерге қатысты эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу бойынша бірлескен шаралар қабылдау туралы уағдаласты. Қытай тарапы жақын арада ҚР бағытындағы теміржол құрамдарының санын арттыру және қазақстандық тарапта тұрып қалған жүктерді қабылдау ниетін растады.