Транзиттік әлеуетті дамыту – басты бағыт

Жүк тасымалы
04.08.2023, 09:47
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Қазақстанның географиялық орналасуы көлік-логистика жүйесін дамытуға өте қолайлы. Үлкен теңіз жолдарына шығу мүмкіндігінің жоқтығына қарамастан, біздің еліміз экономикалық дамыған аймақтар – Еуропа мен Азия елдері арасында орналасқан тиімді мүмкіндікті құрлық жолы арқылы пайдалануға тырысуда. ҚТЖ Қытай мен Оңтүстік Шығыс Азиядан ағылған жүктерді Қазақстан аумағы арқылы өткізіп, трансқұрлықтық тасымалға өзіндік үлесін қосуға күш салуда.

Қазір Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның бесеуі темір жол, алтауы автомобиль жолдары. Осы жолдардың арқасында Азиядан Еуропаға тауарларды жеткізу және жүкті тасымалдау 13-15 күнге қысқара түсті. Бұл дегеніміз теңіз көлігімен салыстырғанда екі есе шапшаң деген сөз. Сол себепті Қазақстанның транзиттік дәліздері арқылы жүкті тасымалдауға сұраныс артып келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында транзиттік жүк айналымы өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 39,1%-ке өсіп, 27,8 млрд тонна-километрді құраған, соның ішінде контейнерлік транзит 26%-ке артқан. Қазақстаннан Қытайға экспорттық жүктерді тасымалдаудың өсімі байқалып отыр.  

«Қазақстанның транзиттік әлеуеті өте зор. Тасымалдаудың негізгі түрі – темір жолдар болып отыр. Жүк пойыздарының жүк айналымындағы үлесі 90%-дан асады. Транзиттің негізгі бағыты Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі», – деп баға берген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен жиындардың бірінде.  

Жалпы, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған. Соған сәйкес 2025 жылға дейін Қазақстанда транзиттік тасымал көлемін 30 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта темір жол инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді контейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша шаралар қабылдануда.  

Мысалы, темір жол көлігі саласында «тар» жерлердің өткізу әлеуетін арттыруға арналған инфрақұрылымдық жобаларды алайық. Осы бағытта 2025 жылға дейін үш негізгі жобаны іске асыру жоспарланған. Біріншісі, Достық – Мойынты. Бұл жоба іске асқан кезде Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымал көлемі, учаскенің өткізу қабілеті 5 есеге дейін ұлғайып, тасымал жылдамдығы тәулігіне 1 500 шақырымды құрайды деп күтілуде. Екіншісі, Дарбаза – Мақтаарал жобасы Орталық Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға шығуды қамтамасыз етпек. Ал алдыңғы екеуінен кем емес келесі маңызды жоба Алматы станциясының айналма темір жол желісіне қатысты болып отыр. Бұл жоба Алматы торабына түсетін жүктемені 30%-ға азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жылжымалы құрам паркін жаңарту бойынша да игілікті іс-шаралар жүзеге асқан. Яғни, үстіміздегі жылы 36 локомотив, 48 фитингтік платформа және 14 жолаушылар вагоны сатып алынса, жыл соңына дейін тағы 139 локомотив, 620 жүк және 50 жолаушылар вагоны сатып алынады деп күтілуде.  

ҚҰРЫЛЫС КЕСТЕГЕ САЙ ЖҮРІП ЖАТЫР  

Ел назарындағы «Достық – Мойынты» теліміндегі екінші жолдар құрылысы қалай жүзеге асып жатыр деген сауалға «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Ірі жобаларды жүзеге асыру дирекциясының мамандары алға тартқан мәліметтерге сүйеніп жауап берейік. Жоба бойынша ұзындығы 836 шақырымды құрайтын темір жол магистралі бойында 33 жекелеген пункт болады. Жалпы жоба құны 542,8 млрд теңгені құрайды. Осы қаржының 236,5 млрд теңгесі Ұлттық қор есебінен алынбақ. Қазіргі таңда құрылыс басына 76 км құрайтын рельстер, 532 мың дана темірбетонды шпалдар, 600 мың к-т рельс бекітпелері, 34 дана су өткізетін құбырлар, 4 дана темірбетонды көпір, 3780 дана ВЛ-10 кВ тіреуіштер жеткізілген.  

633 шақырымды құрайтын 23 жол аралығында жер төсемін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп, 1967 мың текше метр топырақ төселген. Сонымен қатар Бүйрек – Сарықұм аралығында межелі 34 шақырымның бүгінде 2,5 шақырымына рельс-шпал торкөздері төселіп, Көкдомбақ станциясында Р65 1/11 типті екі стрелка салынған. Жасанды құрылыстар құрылысы бойынша су өткізетін 180 құбыр дайындалуы керек болса, бүгінде 28-іне қатысты жұмыстар басталып, 14-і жөнделген.  

Құрылыс барысында 30 темірбетонды көпір орнату жоспарланған. Оның біреуі Бүйрек – Сарықұм арасына, 2 данасы Сарықұм – Домбақ телімінде, ал 6 көпір Ащыөзек – Тағынқара және 3-еуі Саяқ – №1 рзд аралығына орнатылмақ. Сондай-ақ ВЛ-10 кВ тіректерін қайта құрып, орнату межеленген.  

– Қазір Достық – Мойынты теліміндегі екінші теміржол құрылысына 879 адам және 448 әртүрлі техника жұмылдырылған. Жарық, Үштөбе, Ақтоғай, Ортадерсін, Сарықұм, Ащыөзек, Жақсыбұлақ, Бескөл станцияларында 8 өндірістік база ұйымдастырылып отыр. Бүгінде 155 км жолға төселетін рельс-шпал торкөзі, 53 км инвентарлық рельс, 10,5 км жаңа рельс, 248 мың дана темірбетонды шпал, 323 мың к-т рельс бекітпесі, 180 мың текше метр жолға төселетін қиыршық тас дайын тұр. 23 жол аралығында топырақ төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тәулігіне 22 мың текше метр топырақ төселуде. Бұл жобаның бас мердігері – теміржол құрылысын жүргізуде тәжірибесі мол «Integra Construction KZ» компаниясы. Жалпы құрылыс қарқыны аптап ыстыққа қарамастан кестеге сай жүргізілуде, – дейді дирекцияның күрделі құрылыс инфрақұрылымын дамыту жөніндегі басқарма бас менеджері Жаңабай Асанов. 

МЕЖЕ – МИЛЛИОН КОНТЕЙНЕРГЕ ЖЕТУ  

Теміржол инфрақұрылымын және транзиттік әлеуетті дамыту – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ үшін күн тәртібіндегі басты мәселе. Өйткені компанияның негізгі кірісі осы транзиттік тасымалдан түсетіні белгілі. Нақты деректерге сүйенсек, Қытай/Оңтүстік Шығыс Азия және Еуропа арасындағы контейнерлер ағынының 5-8%-і Қазақстанға тиесілі екен.  

Негізгі транзиттік дәліз – Қытай – Еуропа – Қытай бағыты. Бұл аралықты Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің теміржол әкімшіліктерінен құрылған ОТЛК ЕРА бірлескен кәсіпорны жүзеге асырады. Мәселен, аталған үш елдің теміржолдары бірлескен кәсіпорнымен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 350 мың ЖФЭ тасымалданған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 14% артық болып отыр. Ең көп сұранысқа ие тауарлар: құрал-жабдықтар, тұрмыстық техника, қағаз және картон, сондай-ақ автокөліктер екен. Экспорттық-импорттық қызметтерде ОТЛК ЕРА тасымалдаудың 2/3 бөлігін құраса, тағы 1/3 бөлігі Қытай-Еуропа-Қытай транзиттік қызметтерінің еншісінде екен.  

Бүгінгі таңда Қытай-Еуропа-Қытай теміржол бағыты бойынша 10 контейнердің 9-ы ОТЛК ЕРА компаниясымен тасымалданады. Компанияның Қазақстандағы контейнерлік тасымалдау нарығындағы үлесі 50%-тен асады. Компания 2023 жылдың соңына дейін 700 000 ЖФЭ тасымалдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар бірнеше жылдың ішінде негізгі бағыт бойынша бір миллион контейнерге жету мақсаты тұр.  

Өз кезегінде Қазақстан 2025 жылға дейін еліміздің транзиттік және көлік бағыттарын әртараптандыру және кешенді логистикалық шешімдерді енгізу үшін 20 миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласын дамытуға 35 миллиард долларға жуық инвестиция салынған.  

 

Жаңалықтар
27.02.2026
«КСО» АҚ-да референдум талқыланды
Жолаушылар тасымалы
27.02.2026
Жолаушы пойызға үлгермей қалған жағдайда не істеу керек?
Цифрландыру
27.02.2026
Теміржолдағы технологиялық серпіліс
Жаңалықтар
27.02.2026
Апаттың алдын алғандар
Спорт
27.02.2026
Шаңғы жолындағы жарыс
Жаңалықтар
27.02.2026
Колледж бен жұмыс берушілер бас қосты
Жаңалықтар / Мұрағат
27.02.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №15 27 ақпан 2026 жыл
Жаңалықтар
26.02.2026
Ақтөбе теміржолшылары Мемлекеттік кеңесші мен жұртшылықтың қатысуымен конституциялық реформаны талқылады
Жаңалықтар
26.02.2026
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» жаңа Конституциясының жобасын талқылады
Жаңалықтар
26.02.2026
Алматыда III Халықаралық ESE ASIA-2026 көлік форумы өтеді
Станция тынысы
26.02.2026
Атырау станциясының тыныс-тіршілігі
Станция тынысы
26.02.2026
Жіңішкенің жүктемесі жоғары
Инфрақұрылым
26.02.2026
Маңызды инфрақұрылымдық жобалар сөз болды
Аймақтар
25.02.2026
Атырау станциясының үздік маманы зейнет демалысына шықты
Әлеумет
25.02.2026
Рамазан – мейірім айы
Жаңалықтар
25.02.2026
ӘТЖК-да Конституцияны талқылау
Жаңалықтар
25.02.2026
Қазақстан теміржол өнімдерін Пәкістан нарығына экспорттайды
Әлемде
25.02.2026
Қытайда Көктем мерекесі кезінде 2,8 миллиард адам тасымалданған
Әлемде
25.02.2026
Қытайдан Тәжікстанға алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты
Әлеумет
24.02.2026
Ел болашағы туралы диалог