Елімізге әлемдегі ең ірі порт операторларының бірі PSA International делегациясы келді. Олар қытаймен шекарадағы Алтынкөл және Достық станцияларының жұмысымен және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-ның көлік-логистикалық саладағы мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, жетекші порт тобының вице-президенті Ли Пэнг Ги бастаған қонақтар Ақтау портында және Құрық паром кешенінде де болды. Сапар барысында шетелдік серіктестер Қазақстанның теміржол және теңіз нысандарының әлеуетін жақсы бағалады. PSA бұған дейін Қытай-ЕО құрлық бағыты бойынша терминал желісін кеңейту және Қытай-Қазақстан-Ресей-Беларусь-Еуропа бағыттары бойынша инфрақұрылымды дамыту ниеті туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған еді. Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ соңғы екі жылда Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдарды ұлғайту мәселелерінде стратегиялық әріптестік туралы PSA-мен келіссөздер жүргізуде.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесовтің айтуынша, бұл сапардың мақсаты – жүк ағынын теңіз көлігінен темір жолға қайта бағыттау мүмкіндігін бағалау болған. «Құны жоғары әрі тасымалдау мерзімі 40-60 күнге дейін созылатын болғандықтан, теңізге қарағанда тауарларды құрлық бойынша теміржолмен жеткізу ыңғайлы әрі тиімді», – деді ол.
Аталған шетелдік компания – порттар мен терминалдардың жаһандық тобына жатады. Оның әлемдегі 26 елде 50-ден астам филиалы бар. PSA-да 38 мың қызметкер жұмыс істейді. 2019 жылы жаһандық оператор Орталық және Шығыс Еуропа қақпасы – Гданьскіде (Польша) терең теңіз контейнерлік терминалын сатып алды. Компания әлемдегі барлық артық жүктелген контейнерлердің бестен бір бөлігін өңдейді. Мұндай үлкен көлемдегі контейнерлерді басқару, тасымалдау және бақылау it жүйелері арқылы қамтамасыз етіледі.