Ресей астанасы Мәскеуде өткен «ЭКСПО 1520» техника және технологиялардың  VI-шы Халықаралық темір жол салоны шеңберінде 1520 кеңістігі темір жолдарының бас инженерлері бас қосты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ  тарапынан компанияның бас инженері Батыр Қотырев пен Техникалық саясат және реттеу департаментінің директоры Талғат Қанатбаев қатысты. Пікір алмасу форматында өткен жиында, оське түсетін жүктемесі 27 тоннаға дейін салмақты құрайтын, жүк көтергіштігі жоғары вагондардың 1520 кеңістігінде пайдаланылуын  ұйымдастыруға инфрақұрылымдардың қаншалықты дайын екендігі талқыланды.  Жиынға қатысушылардың барлығы, шешім қабылдауға қолбайлау болып отырған негізгі фактор ретінде, жоғары осьтік жүктемесі бар вагондарды тоқтаусыз өткізу үшін инфрақұрылымдар, соның ішінде жасанды құрылыстардың техникалық күтімі мен жөндеу бағасына қатысты толық ақпараттың жоқтығын атап өтті.  «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Қотырев темір жол тасымалының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін, вагондардың жүк көтергіштігін арттыру және локомотивтердің тартымдық сипатын қамтамасыз ете отырып,  жылжымалы құрамның өнімділігін арттыру арқылы тасымалдың өзіндік құнын төмендету қажет екенін атап өтті. «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде нарықты қорғаумен байланысты стратегиялық мүдделерді ескере отырып, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы биылғы жылдың 1-қыркүйегінен бастап, жоғары осьтік жүктемесі бар жылжымалы құрамның инфрақұрылымға ықпалын бағалау мақсатында  Екібастұз – Қарағанды бағдарында оське 25 тонналық жүктеме түсіретін жүк вагондарын пайдалана отырып, бақылауға алуға кірісті», – деді Батыр Қуанышев. Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық саясат және реттеу департаментінің директоры Талғат Қанатбаев, темір жол әкімшіліктерінің ішінде ғана емес, жетілдірілген техникалық сипаттағы жылжымалы құрамды пайдаланушы әкімшіліктерімен де өзара байланысты күшейтуге шақырды. Сондай-ақ, осы бірлескен жұмыс шеңберінде 25 және одан көп тонналық осьтік жүктемесі бар вагондардан құралған салмағы ауыр әрі ұзын жүк пойыздарының  тұрақты айналымда болуы үшін темір жол көлігі инфрақұрылымдарын дайындауға қатысты темір жол әкімшіліктері арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасалу керектігін атап өтті. Сонымен қатар «ЭКСПО 1520» шеңберінде «Объединенная вагонная Компания»  Ғылыми-өндірістік корпорациясы» көпшілік акционерлік қоғамы мен «Ресей темір жолдары» ААҚ арасында 19-9855 арбашықтары орнатылған    «Тихвинский вагоностроительный завод» ЖАҚ өндірісінен шыққан вагондардың  жолдарға ықпалы бойынша сынақ нәтижелерін ұсынуға қатысты келіссөзге қол жеткізілді. «Бұл келіссөз сынақ нәтижелерін шығару үшін және арбашықтарды нормативті-техникалық құжаттарға қосу үшін керек. Ал ол өз кезегінде Қазақстан Республикасының 1520 (1524) милиметрлік табандықтағы темір жолдарында жылжымалы құрамдар жүріп өткенде вагондардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайын анықтап бермек» деп ақпар берді мәскеу сапарынан оралған Талғат Қанатбаев. 

Сұлугүл БАКЕСОВА