Қосұйым Мұқашев, Атырау
«Көктем – 2018» оқу-жаттығуы өтті
Оқуға 1 мин
Қазір еліміздің барлық өңірлерінде су тасқынына қарсы шаралар өтіп жатыр. Соған сәйкес, 5-6 наурыз күндері Атырау теміржолшылары «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысты.
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Атырау бөлімшесі филиалы мен Атырау магистральдық желі бөлімшесі бір кісідей атсалысқан шараға барлығы 306 адам мен 18 бірлік арнайы техника қатысты. Жүк тасымалы бөлімшесі бойынша Азаматтық қорғаныс штабы құрылды. Штаб бастығы, «ҚТЖ-Жүк тасымалы-Атырау ЖТ бөлімшесі» АҚ бас инженері Бауыржан Картан мен «Атырау магистральдық желі бөлімшесі» бас инженері С.Сейілханов барлық күштер мен құрылымдардың дайындығын мәлімдеді. Ганюшкино, Махамбет, Атырау, Ақжайық, Мақат, Сағыз, Құлсары станцияларында 38 құрылым жинақталып, оқу-жаттығуға дайын тұрды. Теміржол құрылымдарына 4 ситуациялық жағдай тапсырылды. Доссор-441 разъезі аралығында және Сағыз станциясында вагондардың аударылуы, теміржол көпірі мен Ақжайық станциясын су басу қаупі. Осы жағдайлардан шығу үшін Өрт сөндіру, Қалпына келтіру пойыздары, басқа да құрылымдар шұғыл әрекет етіп, жоғары дайындықтарын паш етті. Оқу-жаттығу жоспарға сай, ескертусіз өтті.