Қуаныш Қожаев, Семей
Белсенділер еңбегі еленді
Оқуға 2 мин
Семей ЖТ бөлімшесінде кәсіподақтар күні аталып өтті. Салтанатты шараға бөлімше басшылығы, станция бастықтары мен қоғамдық жұмыста белсенділігімен танылып жүрген қатардағы теміржолшылар жиналды.
Бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев пен магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежанов баршаны атаулы күнмен құттықтап, салалық кәсіподақ қызметінің жемісті болуына тілек білдірді.
«ҚР теміржолшылар кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Семей өңірі бойынша өкілі Алик Досанов келелі баяндама жасады. Алик Тұрсынұлы өз сөзінде әсіресе соңғы жылдары қоғамда кәсіподақтар жұмысының зор маңызға ие болып отырғанын айта келіп, еңбек адамының мүддесі мен құқын қорғауда кәсіподақтар мықты күшке айналғанын, бұл бағытта теміржол саласында да ілкімді істер барын жеткізді.
– Елбасы Н.Назарбаев әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруға, еліміз бойынша салалық қызметтегі жұмысшылардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігін арттыруға, еңбек дауларын реттеуге кәсіподақтардың қатысуына үлкен көңіл бөлу қажеттігін нақты тапсырған болатын. Бұл ретте ұлттық компания тарапынан зор қолдау бар, – деп атап өткен Досанов, жергілікті кәсіподақ ұйымдарының қызметі, атқарылған қадау-қадау шаралар жайында тоқталды.
Сонымен қатар, жиын барысында кәсіподақ саласының ардагері, Семей ЖТ бөлімшесі кәсіподақ ұйымын ұзақ жылдар бойы басқарған Серіктай Жүкенов те сөз алып, байырғы әріптестеріне құттықтау тілек білдіріп өтті. Теміржолшылар өмірінің мәнді де сәнді болуы үшін кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкерлердің қатары мол. Осынау салтанатты шара барысында солардың бірқатары марапатқа кенелді. Оларға салалық кәсіподақ атынан берілген Алғыс хаттарды бөлімше басшысы Марлен Кәрімұлы арнайы табыс етті. Олардың қатарында жергілікті «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Наталья Мешкова, Семей ЖТ бөлімшесі кәсіподақ төрағасы Асхат Жармұхаметов, Жаңасемей жол дистанциясының кәсіподақ ұйымы төрайымы, қоғам белсендісі Зульфия Еникеевалар болып, мерейге бөленді. Сондай-ақ, Жексенбай Жолдоболинов, Амантай Қатпенов, Талғат Тоқсейітов, Ақмарал Сағынбаева, Айгерім Тоқпанова, Әлия Уәлиева, Рустам Мұхаметжанов сынды теміржолшылар да сый-сияпатқа кенеліп, алғыс иегерлері атанды.