Баяғы жартас – бір жартас...
Оқуға 1 мин
Соңғы уақытта теміржолға адам мен төрт түліктің жиі шығуынан машинистердің жедел тежегішті басуы азаюы былай тұрсын, көбейіп отырғаны теміржолшыларды ғана емес, құқық қорғау орындарының да назарын аудара бастады.
Мысалы, соңғы үш айда Шымкент жол дистанциясының мамандары мен Шымкент станциясындағы Желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жол бойына апта сайын рейд жүргізуді әдетке айналдырған. Арасында дрезинамен де жүріп өтіп, ереже бұзған адамдарды көрген жерде тоқтай қалып түсіндіріп ескертуден шаршаған емес. Шымкент станциясындағы ЖІІб ювеналды полиция тобының инспекторы Аида Мақашеваның айтуынша, соңғы қоңыраудың алдында теміржолға жақын орналасқан мектептерді түгел аралап, оқушыларға жазғы каникул кезінде сақ болуды, темір жол маңында ойнамауды, вагонның үстіне шықпауды тағы да ескерткен. Дегенмен, машинистердің жедел тежегіш басуы адамның да, қараусыз төрт-түліктің де кесірінен азаяр емес. Тағы бір адамды пойыз баспас үшін Шымкент жол дистанциясының инженері Ақберен Әбдрахманов пен Аида Мақашева апта сайын теміржол бойына рейдке шығып, үй аралауда. Үй иелеріне теміржолдан өту ережесін сақтайтыны жайлы уәдесін алып қана қоймай, қол қойдырып алады.
Динар МЕЙІРМАН, Шымкент