Елордамен бірге өстік

Жаңалықтар
03.07.2020, 09:50
Оқуға 4 мин
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Биыл 6 шілдеде елордамыздың туған күнін 22-рет атап өтеміз. Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы мемлекетіміздің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бұйрыққа 1997 жылы қол қойды. 1998 жылғы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Барлық мемлекеттік құрылым, басты мекемелер мен ұйымдардың оңтүстіктен солтүстікке бет алған ұлы көшінің қатарында «Қазақстан темір жолы» РМК да болды. Ол кезде қала атауы Астана болғанымен, станция аты байырғы Ақмола еді.

Сол жағалау атымен жоқ. Арқаның ақтүтек бораны мен аязы салтанат құрған облыс орталығы деңгейіндегі сұрқай шаһар сол сәттен бастап өркениетке қадам баса отырып, қарқынды дамыды. Міне, аз жылда әлемдік деңгейдегі астаналармен иық тіресе алатындай дәрежеге жетті.

Сол жылдары Ақмола станциясын басқарған теміржолшы, бүгінде Магистральдық желі дирекциясының тасымал қызметі бойынша атқарушы директоры Ерболат Назарбеков елордаға оңтүстіктен ағылып көшіп келген көшті қарсы алып, ұйымдастырушылардың бірі болған екен.

– Алдымен Көлік және коммуникация министрлігі көшіп келді. Көлік қызметкерлері №4 Алматы-Астана пойызымен келіп жеткені, оларды сырнайлатып-кернейлетіп дегендей, вокзал перронында қарсы алғанымыз есімде. Министрлік қазіргі Абай және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысындағы ғимаратқа орналасса, артынан келген Қазақстан темір жолы мекемесі қазіргі Жеңіс көшесінің бойындағы ғимаратқа орын тепті. Содан бірден бас қаланың бас темір жол қақпасы болған Ақмола станциясын, оның вокзалын қайта құру жұмыстары басталып кетті. Жаңадан вокзал ғимараты бой көтерді. Ол кезде вокзалдар да станцияға қарайтын. Вокзал бастығы Нұрислам Сүлейменов екеуміз сол жұмыстардың басы-қасында жүрдік. 

Үш жол ғана бар еді. Сол жолдар көбейтіліп, кеңейтілді. Өйткені, жаңа астанаға келіп жатқан жүк құрамдарында есеп жоқ еді, жұмыс күндіз-түні қауырт жүріп жатты. Бұл істе барша теміржолшылардың ерен еңбегі бар екенін де ұмытпауымыз керек. Вокзалға Астана атауы тек 2001 жылы ғана берілді. Мұнда 2004 жылы үлкен реконструкция жасалды. Осының нәтижесінде оның сыйымдылығы тағы 300 орынға ұлғайды. Вокзалдың жолаушылар жіберу қуаты 5,2 мың адамға жетті. Перроннан күніне 30-дан астам пойыз аттанатын болды, – деп еске алды Ерболат Қадырұлы.

Астанаға ат басын бұрған көштің алғашқы легінде бүгінде «Қала маңы тасымалы» АҚ бас директоры Сұлтан Табынбаев та бар еді.

– 1998 жылы Қазақстан темір жолымен көшіп келген кезде темір жол вокзалының жаңа бөлігіндегі қонақ үйге орналастық. Бір бөлмеде үш адамнан жаттық. Сол жылы сонда қыстап шықтық. Баяғы студенттік өмірімізге қайта оралғандай едік. ҚТЖ вокзалдан алыс емес Жеңіс көшесінің бойында, соған кейде жаяу, кейде автобуспен барамыз. Жалпы алғашқы кезде жағдай қиын болды. Өйткені отбасымыз Алматыда, бөлмеде үш ер адамбыз, тамақ істеп, киімімізді дайындап, үй мен түздің тірлігі өзімізде болды. Сосын алғашқы жылдары қатты суық болды, қар көп, жел деген сұмдық. Мүмкін жылы жақтан келіп, суыққа үйренбегесін солай сезілген болар. Көшелерде қазіргідей үлкен ғимараттар болған жоқ. Жел мен боран ұйытқып соққанда қарсы жүру қиын еді. Кейбіреулер шыдамай кетіп қалды. Бірақ біртіндеп қиындықтарды жеңе бастадық, үйрене бастадық. 1999 жылы отбасыма үй берді. Қазіргі Еуразия университетіне қарамақарсы беттегі ауданнан біраз теміржолшылар баспаналы болдық. Отбасы, бала-шағамыз келгесін кәдімгідей өңіміз кіріп, қалаға біржолата бауыр басып кетік. «Біздің астана» дейтін болдық. Үш балам бар. Балаларым Алматыда туғанмен, осында мектеп бітіріп, оқуға түсті. Ең қызықты шақтары осында өтті. Қазір бас қалада өркен жайып, бақытты күн кешудеміз. Міне, содан бері жиырма жыл өтіпті, елордамыз да, мұндағы темір жол да біздің көз алдымызда өсті десек болады. Қазіргі инфрақұрылымы, зәулім үйлер де біртіндеп пайда болды. Соның ішінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының Қонаев көшесіндегі бас ғимараты да өте әдемі нысандардың бірі. Оған біз шамамен 2010 жылдары көштік. Елордамыздың төл мерекесі құтты болсын! Мына індеттен бәріміз аман-есен өтейік, – деп тілек айтты теміржолшы. 

Жаңалықтар
16.10.2026
Қазақстан мен Әзербайжан ТХКБ-ны дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды
Жаңалықтар
16.10.2026
Құлсары жол дистанциясы үздік атанды
Инфрақұрылым
16.10.2026
Сапаға кепілдік бар
Аймақтар
16.10.2026
Өндіріске – жүз жаңа тепловоз
Жаңалықтар
16.10.2026
ALT студенттері теміржолда геодезиялық тәжірибеден өтті
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Матай депосында 43 жыл еңбек еткен маман марапатталды
Аймақтар
16.10.2026
Қазақстан мен Ресей кәсіподақтары меморандумға қол қойды
Аймақтар
16.10.2026
Теміржолшылар тарихи жиын өткізді
Аймақтар
16.10.2026
Бір отар қой шығын болды
ҚТЖ келбеті
16.10.2026
Теміржолшылар әулеті үздіктер қатарынан көрінді
Жаңалықтар / Мұрағат
16.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №82 16 қазан 2026 жыл
Жаңалықтар
15.10.2026
NEW SILK WAY форумында Орта дәлізді дамыту мәселелері талқыланды
Жаңалықтар
15.10.2026
«NEW SILK WAY» VIII форумында халықаралық көлік дәліздері мен тасымалды цифрландыру талқыланды
Инфрақұрылым
15.10.2026
Ақтөбе облысында Қарауылкелді вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
15.10.2026
Вокзалдарда бақылау күшейтілді
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан теміржол транзитін қалай еселемек?
Жаңалықтар
15.10.2026
Пойыз неге рельстен шығып кетпейді? Көпшілік біле бермейтін құпия
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан халықаралық теміржол дәліздерін дамыту мәселесін ЭЫҰ елдерімен талқылады
Жолаушылар тасымалы
14.10.2026
4 мыңнан астам бейнекамера ҚТЖ пойыздарында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Жаңалықтар
14.10.2026
Астанада Translogistica Kazakhstan халықаралық көрмесі ашылды